Жантүршігерлік оқиға алқабилердің қатысуымен қаралды. Сот үкімімен екі азамат 20 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ұлытау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алқабилер алқасының қатысуымен аса ауыр қылмыс жасаған екі азаматқа қатысты қылмыстық іс қаралды.
С. және Д. есімді айыпталушылар ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі 3 және 7-тармақтары бойынша ("Адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, дәрменсіз күйдегі адамды өлтіру") жауапқа тартылды.
Сот тергеуінде анықталғандай, 2025 жылдың 29 қаңтарында Жезқазған қаласындағы пәтерде алкогольдік ішімдік ішкен үш азаматтың арасында жанжал туындаған.
Сол сәтте қатты мас күйде болған жәбірленуші Б.-ны С. мен Д. пышақтап өлтірген. Олардың бірі жәбірленушінің басы мен кеуде тұсына бірнеше рет пышақ сұқса, екіншісі мойын тұсына соққы жасаған. Қылмыстық әрекетті жасыру үшін мәйітті бөлшектеп, көрпеге орап, қоқыс контейнеріне апарып тастаған.
Сот процесінде ұсынылған дәлелдер, сараптамалар мен заттай айғақтар нәтижесінде айыпталушылардың кінәсін толық дәлелденді.
Айыптаушы тарап – прокурор екі сотталушыны да өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады. Алайда алқабилер алқасының айыптау үкімі негізінде, әрқайсысына қауіпсіздігі орташа түзету мекемесінде өтеу үшін 20 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Жәбірленуші М.-тың азаматтық талабы ішінара қанағаттандырылып, оның пайдасына әрқайсысынан 5 000 000 теңге моральдық зиян, 535 995 теңге материалдық залал өндірілді.
Сотталушылардың әрекеттері ерекше қатыгездікпен жасалған. Олар қылмысты мас күйінде, дәрменсіз адамға қатысты жасаған. Бұл – ауырлататын мән-жайлар. Алқабилер үкімі негізінде қатаң жаза тағайындалды, – деп жазылған сот хабарламасында.