$519.29 €613.28 ₽6.62
×

Қазақстандықтардың ипотекалық және тұтынушылық қарызы 22 трлн теңгеден асты

AstanaTV
01.07.2025ж. 17:26
75
Қазақстандықтардың ипотекалық және тұтынушылық қарызы 22 трлн теңгеден асты
Фото: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі елдегі банк секторының 2025 жылғы 1 маусымдағы жай-күйі туралы есеп берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Халыққа берілген кредиттер 2025 жылғы мамырда 1,8 пайызға ұлғайып, 22,1 триллион теңгені құрады. Тұтынушылық қарыздар 1,9%-ға 14,9 триллион теңгеге дейін және ипотекалық қарыздар 1,7%-ға 6,3 трлн теңгеге дейін ұлғайған. Осы жылдың басынан бері халыққа берілген несиелер 6,9 пайызға өскен», - делінген хабарламада.

Мамыр айында қазақстандықтарға теңгемен берілген кредиттер бойынша сыйақының орташа мөлшерлемесі 19,9 пайыз болған.

Сонымен қатар, бизнеске берілген кредиттер мамырда 0,6%-ға 13,4 трлн теңгеге дейін артқан.

Агенттіктің ақпаратынша, банктердің несие портфелінің сапасы жоғары деңгейде қалып отыр. Кредиттік портфельде төлеу мерзімі 90 күннен асқан несиелердің үлесі 2025 жылғы сәуірдегі деңгейде сақталып, 3,4 пайызды немесе 1,3 трлн теңгені құрады.

Халыққа берілген кредиттер бойынша NPL90+ қарыздарының үлесі 4,3% немесе 943 млрд теңге, ал бизнеске берілген кредиттер бойынша 2,2% немесе 340 млрд теңге болған.