Трамп Сириядан сакнцияларды алып тастады. АҚШ Президенті бүгін тиісті жарлыққа қол қойған. Бірақ, Газа секторына әлі де жаны ашитын емес. Америкалық тұтқындар босамайынша соғыс тоқтамайды, - деп отыр. Сербияда он мыңдаған адам қайтадан көшеге шығып, биліктің отставкаға кетуін талап етуде. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.
АҚШ демократиялық Сирияны қолдайды. Трамп жарлығына қол қойған кезде осылай, - дейді. Сирияға келген жаңа билік өкілдеріне Таяу Шығысқа сапары кезінде Трамп уәде берген еді. Сол уәдесінде тұрып, 2004-і жылдан бері келе жатқан санкцияларды алып тастады. Дегенмен, Ресейге бас сауғалап қашқан Башар Асад және оның отбасына қатысты тек жеке санкциялар өз күшінде қала береді.
КЭРОЛАЙН ЛИВИТТ, АҚ ҮЙ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Бүгін Президент тиісті жарлыққа қол қойды. Санкциялар жобасын алып тастау қазіргі биліктің тұрақты даму мен бейбітшілікті сақтау бойынша атқарып жатқан жұмыстарына қолдау ретінде жүзеге асырылады. Дегенмен, Башар Асадтың барлық жақтастары, оның ішінде химиялық қару қолданғандар, есірткі сатқандар және адам құқығын таптаған жандарға қатысты санкциялар қолданыста. Сонымен қатар, Иранға байланысы бар және Ислам Мемлекеті лаңкестік ұйымының мүшелері де жазадан босатылмайды. Сирияның жаңа Президенті өзін тек жақсы жағынан көрсете білді.
Бірақ, Трамптың Газа секторына жаны ашитын емес. Америкалық гуманитарлық көмекті тарату кезінде Израиль әскері ашыққан 60 адамды жер жастандырды. Тамақ алуға кезекте тұрған халыққа қарсы авиациялық шабуылдар қолданған.
КЭРОЛАЙН ЛИВИТТ, АҚ ҮЙ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Біз Газа секторындағы сұмдық соғысты тоқтатуды басты мақсаттарымыздың бірі етіп белгіледік. Президент болған жағдайдан хабардар. Біздің гуманитарлық көмекті жеткізу кезіндегі оқиға жүрекке батады. Дегенмен, бірінші кезектегі мақсатымыз, ХАМАС қолында отырған америкалық тұтқындарды босату.
Сербияда 36 мыңға жуық адам наразылық акциясына шықты. Әсіресе, ел астанасы – Белградта полицияға тегеурінді қарсыластық танытуда. 77 адам тұтқындалды. Олар, билік жемқорлыққа бастқан, сол үшін отставкаға кетуі керек, - дейді. Тіпті, полицияға қарсы кедергілер орнатып, тікелей қақтығысқа түсіп жатыр. Алайда, Президент Вучич полицейлерді мақтап әуре болуда.
АЛЕКСАНДР ВУЧИЧ, СЕРБИЯ ПРЕЗИДЕНТІ:
Сербия ешқашан жеңілмейді. Біз арандатушылардың айтқанына көне салмаймыз, Бүгін Белградта тәртіп сақшылары нағыз ерлік көрсетті. Өкінішке орай, 48 полицей ауыр жараланды. Бірақ, біз қоғамдық тәртіпті қайтсек те, қамтамасыз етеміз.
Естеріңізге сала кетсек, былтыр Сербияның Нови-Сад қаласында вокзал ғимараты опырылып, 16 адам қаза тапқан еді. Бұл қайғылы жағдай үшін Премьер-министр де жұүмысынан кеткен еді. Бірақ, наразы топ Вучич кетпейінше, тыным таппаймыз, - дейді.