Жыл соңына дейін 150 ауылдық елдімекеннің сумен қамту жағдайы жақсарады. Бұл туралы Үкімет отырысында Су ресурстары және ирригация министрі айтты. Бүгінде сумен жабдықтау бойынша 230-ға тарта жобаны іске асыру үшін Арнаулы мемлекеттік қордан қосымша 160 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Премьер-министр тұралап қалған жобаларды тездетіп аяқтауды тапсырды. Сала министрлеріне тұрғындарды тіршілік нәрімен қамтамасыз етуді жүктеді.
СҮНДЕТ ОРАЛБЕК, ТІЛШІ:
Ауыз су — өмір өзегі. Алайда кей ауыл тұрғындары әлі күнге дейін тіршілік нәріне қол жеткізе алмай отыр. Көпшілігі суды тасып ішуге мәжбүр. Президент биылғы жылдың соңына дейін еліміздегі барлық ауылдарды сапалы ауыз сумен қамтуды тапсырған болатын. Жауапты ведомство бұл бағытта жұмыстар жүйелі түрде жүріп жатқанын айтады. Министрлік мәліметінше, бүгінде елдімекендердің 97 пайызы таза ауыз сумен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ республика бойынша 90 қаланың 73-інде тұрғындар сапалы су ішіп отыр. Жыл соңына дейін бұл тізімге тағы 17 қала қосылмақ.
Жауаптылар алдағы уақытта 2,6 мың шақырымнан астам су құбырын салуды көздеп отыр. Бұл шамамен 1,3 млн адам тұратын 468 елдімекенде сумен жабдықтауды жақсартады. Оның ішінде 53 ауылдың тұрғындары алғаш рет тіршілік нәріне қол жеткізеді. Су ресурстары және ирригация министрі жыл соңына дейін 150 кеніштің сумен қамту жағдайы жақсарады деп уәде берді. 6 облыста 10 жобаны пайдалануға береміз деп сендірді.
НҰРЖАН НҰРЖІГІТОВ, ҚР СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ МИНИСТРІ:
Аталған жобаларды іске асыру нәтижесінде шамамен 500 мың тұрғыны бар 150 ауылдық елді мекеннің сумен қамту жағдайы жақсарады, оның ішінде 1542 тұрғыны бар 4 ауылға алғаш рет орталықтандырылған ауызсу жүйесі қосылады.
Келер жылы топтық су құбырлары біріңғай кешендер ретінде әкімдіктердің балансына берілмек. Бұл бағыттағы жұмысқа Үкімет ерекше назар аударып отыр. Енді елдімекендерді дамыту жоспарымен топтық су құбырын дамыту үйлестіріліп жүргізіледі. Себебі, кей жерлерде ауыл ішіндегі желілер дайын болса да, су көзіне қол жеткізе алмай жатады. Кей жерлерде керісінше, ауылға дейін су желісі тартылған, алайда ішкі құбырлар дайын болмай қалады.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Өңір әкімдіктері жыл соңына дейін ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша қолданыстағы барлық жобаларды іске қосуды қамтамасыз етсін. Бұған өңірлердің бірінші басшылары тікелей жауап береді.
Салада олқылық көп. Кәріз тазарту құрылғыларының тозуы соның бірі. Жабдықтардың 65 пайызы ескірген. Оны жаңғырту үшін қазынадан 25 млрд теңге бөлінді. Енді 45 қалада кәріз тазарту құрылғылары жаңарады. Сондай-ақ, Үкімет 2029 жылға дейін су құбырларының тозуын 39-дан 33 пайызға төмендетуді жоспарлап отыр.
ЕРСАЙЫН НАҒАСПАЕВ, ҚР ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС МИНИСТРІ:
Су құбыры желілерінің тозу деңгейін ағымдағы 39%-дан 33%-ға дейін, ал су бұру жүйелерінің тозуын 41%-ға дейін төмендету жоспарлануда. Бұл іс-шараларды жүзеге асыру инфрақұрылымның тиімділігін арттыруға және өңірлердегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған.
Елдімекендерді сумен қамтуы тиіс кейбір жобалардың мерзімі сағызша созылып кетті. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысындағы Соколов топтық су құбырын жаңғырту жұмыстары, Ақмола облысы Талапкер мен Қажымұқан ауылдарына су құбырын тарту жобаларының халық игілігін көрмей отыр. Нұржан Нұржігітов бұған қаржы жетіспеушілігі себеп деп ақталды. Үкімет басшысы тездетіп іске қосуды тапсырды.