Қостанай облысында Конституцияның 30 жылдығына орай рақымшылыққа іліккен сотталғандардың алғашқы легі бостандыққа шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің мәліметінше, өңірдегі колонияларда барлығы шамамен 2000 адам жазасын өтеп жатса, солардың 300-і рақымшылыққа іліккен. Бүгін, 2 шілдеде олардың алғашқылары бостандыққа шықты.
"Бұл оқиға – олардың өмірінде маңызды кезең, оларға бәрін жаңа парақтан бастап, қоғамдағы толыққанды өмірге оралуға мүмкіндік береді. Рақымшылық жай ғана қайырымдылық актісі емес, бұл – болашаққа салынған инвестиция, онда әрбір азамат түзеліп, ел дамуына үлес қосуға мүмкіндік алады", – деп атап өтті Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті өкілдері.
Рақымшылықпен бостандыққа шыққандарға жаңа өмірге бейімделу үшін қажетті қолдау көрсетіледі. Оларға жұмысқа орналасуға, әлеуметтік байланыстарын қалпына келтіруге және қажетті құжаттарды алуға көмек беріледі.