Таразда кортеж ұйымдастырған мектеп түлектері жауапқа тартылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қаладағы бірнеше мектептің бітіруші түлектері оқу жылын аяқтауға арналған іс-шара аясында көлік кортежін ұйымдастырғаны анықталды. Түлектер жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, қоғамдық тәртіпті сақтамай, басқа жол қозғалысына қатысушылардың өміріне қауіп төндірген.
Көлік басқару кезінде қозғалыс ережесін бұзу, көліктердің жолда жүру тәртібін сақтамауы, қоршаған ортаға қауіп төндіру бойынша ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің бірнеше бабымен жалпы саны 19 әкімшілік хаттама толтырылған.
"Мектеп бітіру кештерінен кейін мұндай жағдайлар болуы мүмкін екенін ескеріп, автопатрульдер санын көбейтіп, бақылауды күшейттік. Азаматтардың қауіпсіздігі - басты міндет", - деді Тараз қаласы ПБ патрульдік полиция батальонының командирі Руслан Оразбақов.
Полиция департаменті азаматтарды, соның ішінде мектеп бітірушілер мен олардың ата-аналарын мерекелік шараларды өткізуде қауіпсіздік пен заң талаптарын қатаң сақтауға шақырды.