Түңгі клубтарға "крыша" болып, қалталыларды бопсалаған. Онысымен қоймай ұрлық жасап, қарақшылықпен айналысқан. Шымкентте қылмыстық топ жойылды. Тергеу барысында анықталғанындай, ұйымдастырушы өзінің сенімді адамдарынан қылмыстық топ құрып, қарақшылық шабуыл немесе ұрлық жасау мақсатында үлкен сомада ақша қаражаты болуы мүмкін жерлерді үнемі талдап жүрген. Сонымен қатар, ол түнгі клубтардың бірін бақылауына алып, "қорғағаны" үшін заңсыз түрде ай сайын 2,5 млн теңгеге дейін ақша алып отырған. Жүргізілген жедел іс-шаралардың нәтижесінде қылмыстық топ ұйымдастырушысы мен оның жақын сыбайласы ұсталып, қамауға алынды. Тінту кезінде олардан қару мен патрондар тәркіленді. Сондай-ақ, қылмысқа қатысы бар бес тұлға анықталды, олардың әрекеттеріне құқықтық баға беріледі.