$518.37 €609.97 ₽6.6
×

Трамп: «Илон Маскты елден қуып жіберемін».

02.07.2025ж. 20:00
94
Трамп: «Илон Маскты елден қуып жіберемін».

Дональд Трамп пен Илон Маск қайтадан араздасып қалды. АҚШ Президенті миллиардерді «Елден қуып жіберемін», - деп қорқытты. Одан бөлек, Трамп мигранттарға арналған концлагерьдің ашылуына қатысты. Олар бұл түрмеден қашпақ болса, сыртында аллигаторларға талануы мүмкін. Ал, Нью-Йорктың мэры болып сайлануы мүмкін басты үміткер Зоран Мамданиді «Есінен ауысқан коммунист», - деп елді есеңгіретті. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.

Дональд Трамп пен Илон Маск арасындағы жанжал қайта жанданды. АҚШ Президентінің бастамасымен жасалған «Ең әдемі әрі ең үлкен» заң жобасы жақын арада қабылдануы мүмкін. Осыған орай, миллиардер қайтадан сын айтқан. Бұл туралы журналистерге сұхбатында Трамп: «Оны елден қуып жіберемін. Қайткенде де жазасын беремін», - деп қысқа жауап берді.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Илон әлемде ешкім алмаған субсидияны алды. Онсыз мұндай жетістіктерге жетпес еді. Бәлкім оның жұмысын мемлекеттік қызмет агенттігі тексеруі керек шығар? Жақын арада тапсырма беремін. Бүкіл жиған-тергенінен айырып, өзін Оңтүстік Африкаға қуып жіберу керек.

Трамп заңсыз жүрген мигранттарды аллигаторларға талатпақ. АҚШ Президенті Флорида штатындағы иммиграциялық түрменің ашылуы салтанатына қатысты. Бұл түрмені қысқа уақытта көпшілік «Аллигаторлық Алькатрас» деп атап кетті. Себебі, абақтының жан-жағына арнайылап қолтырауындар әкелінген.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Осыдан кейін адамдардың көпшілігі өз еркімен кететін шығар. Себебі, есі дұрыс адам аллигаторлардың ортасында қалғысы келмейді. Жыландар жылдам, бірақ, қолтырауындар одан да жылдам. Адамдардың қашып үлгеру мүмкіндігі 1 пайыздан аспайды.

Нью-Йорк тарихында алғаш рет мұсылман мэр сайлануы мүмкін. Сайлауалды сауалнамаларда қарсыласына қарағанда басымдығы көп. Алайда, Трамптың үміткерге көңілі толмайды. Зоран Момданиді АҚШ Президенті: «Есінен ауысқан коммунист», - деп балағаттады.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Демократиялық партия шектен шықты. Осы сәтті күткен едім. Зоран Момдани жақында Праймеризде жеңіске жетті. Ол – есінен алжасқан коммунист. Бұған дейін де, солшыл есуастар елді басқарған. Бірақ, Момданиді сайласа, қала тұрғындарының жеткен жері  болмақ.

Түркияда Мұхаммед пайғамбарға карикатура жасаған сатиралық журналдың басшылығы ұсталды. Атап айтсақ, бас редакторы, графикалық дизайнері және өзге қызметкерлер бар. Оларға қарсы бірқатар Түркия қалаларында наразылық акциялары өткен еді. Тіпті, Президент Режеп Тайып Ердоғанның өзі тергеуді өз бақылауында ұстатйныны мәлімдеді.

РЕЖЕП ТАЙЫП ЕРДОҒАН, ТҮРКИЯ ПРЕЗИДЕНТІ:

Пайғамбарымызға карикатура жасау, не әзіл-сықақпен, не сатирамен еш байланысы жоқ. Бұл нағыз арандатушылық. Олардың заң алдында жауап беруін өзім қадағалаймын. Бұл – жай қалжың емес, ел ішіне іріткі салу. Ешбір дін туралы қалжыңдау дұрыс емес, нағыз қылмыс.

Түркияда тағы бір наразылық акциясы жанданды. Бірақ, ол билікке қарсы. Ыстамбұл мэры Икрам Эмоммоғлұдың қамауға алынғанына 100 күн болуына орай, Ыстамбұлда жүздеген адам көшеге шығып, полициямен қақтығысқа түсті.