$537.75 €626.43 ₽6.71
×

Алматы маңында иттер талаған 10 жасар баланың жағдайы белгілі болды

AstanaTV
02.07.2025ж. 17:43
Алматы маңында иттер талаған 10 жасар баланың жағдайы белгілі болды
Фото: BAQ.KZ

Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы иттер талаған 10 жастағы баланың қазіргі жағдайы туралы мәлімет берді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Ведомствоның мәліметінше, 2025 жылғы 1 шілдеде жағдайы тұрақтанғаннан кейін 2014 жылы туған науқас Қарасай аудандық орталық ауруханасынан облыстық балалар клиникалық ауруханасына ауыстырылған. Ол жансақтау бөліміне жатқызылды.

Науқастың жағдайы – ауыр, бірақ тұрақты, нашарлау белгілері жоқ. Есі дұрыс. Науқаспен және оның анасымен клиникалық психолог жұмыс істеуде, – деп хабарлады өңірлік денсаулық сақтау басқармасы BAQ.KZ тілшісіне.

Сондай-ақ науқастың жағдайын Қазақ медициналық университетінің нейрохирургі мен Қазақ ұлттық медицина университетінің профессоры текскеріп шыққан. Емдеу клиникалық хаттамаларға сай толық көлемде жүргізіліп жатыр.

Алматы облысы полициясы желіде тарап жатқан “қабаған иттің шабуылын тоқтатқан тұрғынды жауапқа тартады” деген ақпарат шындыққа жанаспайтынын айтты.

Аталған азаматқа қатысты процессуалдық шешімдер қабылданбаған. Ал BAQ.KZ тілшісіне берген жауабында, ит иесінен қандай да бір арыз түспегенін хабарлады.

ҚР Қылмыстық кодексінің 32-бабына сәйкес ("Қажетті қорғаныс") оның әрекеті өзін-өзі қорғау мақсатындағы заңды әрекетке жатады. Заңға сәйкес өмірге, денсаулыққа немесе мүлікке нақты қауіп төндіретін шабуылды тойтару кезінде қажетті қорғаныс жағдайында зиян келтіру қылмыстық құқық бұзушылық болып табылмайды. Сондықтан, кәмелетке толмаған баланы қабаған иттердің шабуылынан құтқарған азаматтың әрекеті қолданыстағы заңнама нормаларын бұзбайды және құқықтық зардаптарға әкеп соқпайды, – деп хабарлады облыстық ПД.

Сондай-ақ құзырлы орган сотқа дейінгі тергеу аясында  иттің иесінің әрекеті жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілетінін айтты.

Қандай да бір заң бұзушылық белгілері анықталса, ол заңда белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылады, – деді полиция.