$518.37 €609.97 ₽6.6
×

Имамдар жаназа намазын оқу үшін 100 мың теңге сұрайды

02.07.2025ж. 20:00
103
Имамдар жаназа намазын оқу үшін 100 мың теңге сұрайды

Жаназа намазын оқудың да өз «ставкасы» бар. Имамдар марқұмды соңғы сапарға шығарып салу үшін ақы талап ететін болған. 5-10 тиын емес, 100 мың теңге сұрайды. Желіде тараған бұл ақпарат қаншалықты шындыққа жанасады? Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бассыздыққа қатысты айтары қандай? Толығырақ тілші материалында.

Жамбыл облысы Сарысу ауданында жаназа намазы үшін 100 мың теңге сұрайды. Бұл – кәдімгі имамдардың «ставкасы». Тілегенін бермесең, марқұмды соңғы сапарға шығармаймын деп міндетсінеді екен. «Қайдан шыққан заң?» дегеннің бәріне «жоғарыдан келген тапсырма» деп тіл қатады. Бассыздықтың бетін айтыскер Алик Бекмұсаев әлеуметтік желіге жариялаған.

АЛИК БЕКМҰСАЕВ, АҚЫН:

Халықтың ішінде осы әңгіме болды, менің жақындарымның. Содан кейін мен бұл мәселені көтердім. Өйткені бұл ең өзекті мәселе. Ажал деген айтып келмейді. Біреудің жалғыз баласы, Біреудің асыраушысы. Именно осы жағдай асыраушысы. 100 мың теңге сұрау әдепсіздік, біріншіден. Екіншіден, дін саласында жүрген жаны таза, жүрегі ақ адамның арына дақ салу болады.

Пост жарыққа шыққаннан кейін, қоғам тақырыпты іліп алып, бірден гу ете қалды. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген қазақтың аяқ асты ақша сұрап, зар қақсатқанын естіп қынжылдық. Қысылдық. «Не сұмдық?» деп сескендік. Олай дейтіндей бар. 100 мың аз қаржы емес деген бір бөлек, соңғы сапарға аттанғаннан ақы дәмету – ақылға сыймайды. Арсыздық деп баға бергендер де бар.

БЛИЦ:

- Алматыда 70 мың теңге алады жаназаға.

- Масқара! Не сұмдық бұл. Жаназа солай болған ба? Халықпен ойнамаңдар! Білгендерін істеп. Не зөаман болды? (қыз)

- Масқара мынау!

Жұрттың жазғанын оқып, бұл бірінші жағдай емес екенін аңғардық. Сөйтсек, қолына қаржы қыстырмайынша қимылдамайтындар қоғамда қаптаған екен. Намаздан нан тауып, жаназада жақынының жиғанын жиып кетеді. Әдетте өздері ысырапшылдыққа жол жоқ дейтін дін өкілдері өздеріне келгенде ақшаны аямай ма деп ойланасың мұндайда. Әрине, бәріне бірдей топырақ шашудан аулақпыз. Түптеп келгенде ақы сұрағандар ҚМДБ өкілі болмауы мүмкін. Тақырып әріге кеткеннен кейін облыстың бас имамы Асқар Сатығлановпен байланыстық. Имам мұсылмандар діни басқармасының қызметкерлері ақша сұраған емес, сұрамайды да дейді.

АСҚАР САТЫҒЛАНОВ, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНЫҢ БАС ИМАМЫ:

Жаназа шығарған азамат 100 мың теңге бересіздер деп айтқан екен. Бірақ ол ҚМДБ арнайы тіркелген, белгіленген имам емес. Ең соңғы сапар, жаназы сапары екені анық. Артында қалған отбасы, бала-шағасының жақсылап жуып, жаназасын шығару міндет. Енді осындай діни рәсімді базарға, саудаға айналдыратын дүние емес.

Жаназа намазы үшін ақша сұраған адам ҚМДБ өкілі емес. Мұндай бассыздықтың орын алуына себеп болған – осы. Сондықтан Асқар Сатығланов жаназа мен өзге де діни жоралғыларды тек уәкілетті имамдар жүргізуі тиіс екенін, сонда ғана осындай сорақы әрекеттердің алдын алуға болатынын айтты. Сіз де сақ болыңыз!