$518.37 €609.97 ₽6.6
×

Субұрқақтан тоқ соғады

02.07.2025ж. 20:00
109
Субұрқақтан тоқ соғады

Күн ыстық деп субұрқаққа түсуге болмайды. Себебі, ол адам өміріне қауіпті. Яғни, бұл кез-келген жағдайда тоқ ұру қаупі бар. Мамандар тек жазатайым оқиғаға емес, жазылмас дертке де апаратынын ескертуде. Неліктен қауіпке қарамастан жұрт шомылуға құмар? Әріптесім Назерке Алтынбек біліп қайтты.

НАЗЕРКЕ АЛТЫНБЕК, ТІЛШІ:

Ми қайнатар ыстықта қала тұрғындары салқын су іздеп, осындай субұрқақтардың маңына жиналады. Бірі су шашып ойнайды, енді бірі аяқ-қолын малса, кейбіреулер тіпті шомылып кетеді. Бірақ мұның салдары түрлі ауруға әкелуде.

Субұрқақ қаланың эстетикалық көрінісін жақсартып қана қоймай, климаттың тұрақтылығына да әсер етеді. Пайдалы тұстары бола тұра, оның зардабына ұшырайтындар да жоқ емес. Көпшілік ескерту тақтайшаларын елемей, суға түсуді әдетке айналдырған.  Ережеге бой бермеу салдарынан қас-қағым сәтте өмірімен қош айтысқандар қаншама?!

ЖАСҰЛАН АЛПЫСБАЕВ, ҚР ДСМ САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:

Субұрқақтағы сулар үнемі ауыстырылмайды. Тіпті, ауыстырылмауы да мүмкін. Оның ішінде жанағы құстар да жүреді, шаң тозаң да түседі. Қаңғыбас иттер де, жануарлар да жүруі мүмкін. Сонлдықтан түрлі инфекциялық аурулар, бактериялар толып жүреді. Суға түсіп жүрген бала, байқаусызда су жұтып қойған жағдайда, ол түрлі энтеровирустық инфекцияларға, серозды менингит деп айтамыз, түрлі жіті ішек инфекцияларына әкеліп соғады.

Ал қала тұрғыны Арайлым Құлшығаш субұрқақ маңына балалары жиі келетінін айтады. Қарсы болғысы-ақ келеді, бірақ олардың көңілін қимайды.

АРАЙЛЫМ ҚҰЛШЫҒАШ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Енді өздерінің қалауы ғой, ойнағысы келіп тұр бала болғаннан кейін. Біз мана азанда келіп ойнағанбыз, әлі ойнап жүрміз. үстері су болса да, күн ыстық кебеді. Менің мамам ұрсады, сен ештеңеден отказ бермейсің, айтқанын істей берме деп. Бірақ енді өзімізде ондай нәрсе болмағаннан кейін отказ бергім келмейді. Әйтеуір, қарап жүрміз ғой қасында.

Тұрғындардың пікірі әртүрлі болғанымен, қауіп ортақ. Субұрқақ суының астында жоғары кернеулі сымдар, жарық шамдары, сорғылар мен құбырлар орналасқан. Су арқылы тоқ өтіп кетсе, қайғылы жағдай болары анық.Сондықтан мамандар ата-аналардан жауапкершілік танытуды сұрайды.

ҚҰРАЛАЙ СІЛӘМБЕКОВА, ҚАЛАЛЫҚ «ЕСІЛ» АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ КЕҢЕСШІСІ:

Жаз мезгілінде балалардың субұрқаққа түсіп, салқындағысы келетіні жиі байқалады. Субұрқақтардың түбінде насос, электр желілері, сондай-ақ жарық шамдар сынды электр желілері бар. олар байқаусыздар тиіп кетсе, тоққа соғылу қаупі бар. Сонымен қатар, ата-аналардан сұрарымыз балаларыңызға қауіпсіздік ережелерін түсіндірсеңіз екен және неге субұрқақтарға шомылуға боламайтынын айтып отырса екен.

Қала көркін арттырып тұрған субұрқақ – демалу үшін, шомылу үшін емес. Бір сәттік сергіп қалам деп, өміріңізге қауіп төндірмеңіз. Бала аманат, ал амандық, сақтықтан басталады.