Павлодар мен Екібастұз қалаларының жылу желілерін қысқа дайындау үшін Үкімет резервінен 3,8 млрд. теңге бөлінді. Бұған қос қаладағы тозығы жеткен жылу магистралдары жаңартылатын болады. Тиісті Қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды. Қомақты қаражаттың 3 млрд. теңгесі Екібастұздың жылу желісін жаңғыртуға жұмсалмақ. Ал 802 млн. теңге Павлодарда жылу желісін жаңартуға және Қамзин көшесінде ТМ-13 жылу магистарлін аяқтауға бағытталған. Бұдан бөлек облыстық бюджеттен тағы 2 млрд теңге қысқа дайындық жасау үшін бөлінді. Жалпы шығын көлемі 5,8 млрд. теңгені құрап отыр. Өткен жылы республикалық бюджет есебінен жалпы ұзындығы 9 шақырым болатын жылу трассалары жөнделді. «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасына аясында 2,4 шақырым жылу магистралі қалпына келтірілді. Осының нәтижесінде жылу желілерінің тозу көрсеткіші 79,7 пайызға төмендеді.
Ал «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде 9,8 млрд теңгеге ТМ-20а жылу магистралін салу жоспарланған. Жоба аясында қала аумағының 30 пайызы жылумен қамтылмақ.