$519.57 €612.78 ₽6.61
×

Депутаттар Кемертоған ауылының өзекті мәселелермен танысты

02.07.2025ж. 20:00
123
Депутаттар Кемертоған ауылының өзекті мәселелермен танысты

Алматы облысындағы Кемертоған ауылында ауызсу мәселесі күннен-күнге күрделеніп барады. 18 мыңға жуық халқы бар елдімекенде орталық су жүйесі әбден тозған. Кейбір үйлерге мүлде тіршілік нәрі жетпейді. Осы күрмеулі мәселені талқылау үшін ауылға Мәжіліс депутаттары арнайы барды. Тұрғындар әбден әбігерге түскендерін айтты. Су тәулігіне тек бірнеше сағатқа беріледі екен. Кей көшелерде мүлде жоқ. Халық ауызсуды сатып аламыз не көрші көшелерден тасып ішеміз деп отыр. Кездесу барысында халықпен ашық диалог өтіп, тұрғындардың арыз-тілектері тыңдалды. Жергілікті билік пен орталық органдардың бірлесіп әрекет етуі арқылы мәселені шешу жоспарланып отыр.

МАКСИМ РОЖИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Біз шамамен жарты жыл бұрын Кемертоған ауылының тұрғындарымен кездескенбіз. Ол кезде өте көп мәселелер болған. Қазір сол уақытта біз қағазға жазып алған түйіткілдердің шешілмегендерімен жұмыс істеуге келдік. Қазіргі маңызды болып отырғаны ауыз су мәселесі. 4500 отбасын орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету үшін 4,8 миллиард теңге қаржы керек екен. Әкімдіктің бюджеті бұл іске жетпегендіктен біз ертең Астана қаласына барып тиісті шараларды қолданатын боламыз.