Мемлекет басшысы елордада Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің штаб-пәтеріне барды. Президент пен ұйымның бас хатшысы Қайрат Сарыбай орталықтағы ескерткіш тақтаны салтанатты түрде ашты. Артынша Құрмет қарауылы ротасы бірлестіктің туын көтерді. Жаңа штаб-пәтердегі жұмыс кабинеттерін, open space аумағын, аудармашылар кеңсесін, төрағалық залын және музей-кітапхана бөлмелерін аралаған Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі дипломатия саласының қызметкерлері мен ардагерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Бабаларымыз ғасырлар бойы «дала дипломатиясымен» өмір сүрген. Халқымыздың мәмілегерлік дәстүрінің арқасында Ұлы далада бейбіт өмірдің ерекше үлгісі қалыптасқан. Құрмет пен сыйластық қашанда қастерлі құндылық ретінде бағаланған. Ертеден келе жатқан осы қағида – сыртқы саясатымыздың мызғымас тірегі әрі айнымас темірқазығы.