Елорда тұрғыны фитнес орталыққа жалған сертификаттар сатқан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұрын спорт клубтарында жаттықтырушы болып жұмыс істеген ер адам заңды күші жоқ, өзі дайындаған жылдық абонемент ретіндегі жалған сертификат сатып келген. Ол бұл сертификаттарды нарықтағы бағадан әлдеқайда арзан, яғни 150 мың теңгеге ұсынып, олардың шынайы екеніне сендіріп, азаматтарды алдаған.
"Шын мәнінде мұндай абонементтердің құны шамамен 700 мың теңге тұрады. Жәбірленушілер фитнес орталыққа келгенде сатып алған сертификаттары жарамсыз екенін біліп, құқық қорғау органдарына жүгінуге мәжбүр болған", - деп жазылған хабарламада.
Бұл әрекеттен 24 адам жапа шеккен, келтірілген жалпы материалдық залал 3,5 млн теңгеден асқан. Тергеу аяқталғаннан кейін қылмыстық іс сотқа жолданды.
Жәбірленушілерге келтірілген залал толық өтелген. Сот үкімімен алаяққа 3 жыл мерзімге пробациялық бақылау белгіленді, осылайша оған бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Айта кетейік, кейінгі кезде сыйлық сертификаттары мен карталар арқылы жасалатын алаяқтық жиілеп кетті.