14 бүлдіршін астан ұшынған балабақша басшысына қатысты сот үкімі шықты. Балалардың денсаулығына орасан зиян келсе де мекеме директоры айыппұлмен құтылып кеткен. Қазір бөбекжай әкімшілігінен небәрі 1 миллион 300 мың теңге талап етіліп отыр. Қаржыны өтесе орталық әрі қарай жұмысын жалғастырады. Естеріңізге салсақ наурызда Меркі ауданында жекеменшік балабақшаның бүлдіршіндері бірінен кейін бірі ауруханаға түскен еді. Алғашында түскен 10 баланың ыстығы көтеріліп, жүрегі айнып, іші өту белгілері пайда болған. Артынан олардың саны 14-ке жетті.
АЙМАН АХМЕТОВА, МЕРКІ АУДАНДЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:
Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылық саласында заңнама талаптары бұзылған. Бұл факт сотта өз дәлілін тапты. Сонымен қатар, аталған ЖШС өкілі сотта кінәсін толығымен мойындап, бүгінгі таңда барлық кемшіліктер жойылып, білім беру орталығы өз жұмысын жалғастырып отырғанын атап өтті.