Түркістан облыстық білім басқармасының бұрынғы басшысы 7,5 жылға сотталды. Ғалымжан Жұмашев «Алаяқтық» және «Қылмыстық жолмен алынған ақша мен өзге мүлікті заңдастыру» бабымен кінәлі танылған болатын. Істі Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарады. Сотта белгілі болғанындай, ол 2016 жылдан 2023 жылға дейін жәбірленуші кәсіпкерден 67 млн теңге пара алды деген күдікке ілінген. Бұл ақшаға Шымкенттен жер телімін сатып алып, мектеп соққан. Сөйтіп қылмыстық жолмен алған ақшаны заңдастырған көрінеді. Сот Жұмашевті жәбірленушіге 67 миллион теңгені 2 ай мерзім ішінде қайтаруды міндеттеді.
САМИДИН ТЕМІРӘЛИЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН АУДАНАРАЛЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:
«Жаннұр» жалпы білім беретін мектебі мен Шымкент қаласы Абай ауданы Достық шағынауданында орналасқан жер учаскесі мемлекет кірісіне алынсын. Қылмыстық Кодекстің 58-бабы 3-бөлігі ескеріліп, Жұмашевқа қатысты жаза түпкілікті түрде 7 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру, мүлкін тәркілеу және өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымды қызметтер атқару құқығынан айыру түрінде белгіленсін.
Бұл істе Жұмашевпен бірге Тараз қалалық прокуратурасының бұрынғы прокуроры да сотқа тартылған. «Алаяқтық» бабымен айыпталған Нұрсұлтан Тілешовтің бас бостандығы 2 жыл 8 айға шектелді. Сот үкімімен екеуі де келіспейді. Олар аппелляциялық шағым түсірмек.