АҚШ кенеттен Украинаға қару-жарақ беруді тоқтатты. Жақын арада әуе шабуылдарынан қорғану үшін қолданылатын дүркінді зымыран кешендерінің снарядтары таусылып қалуы мүмкін. Алайда, АҚШ билігі бұған бас қатырып отырған жоқ. Пентагон Иранның ядролық бағдарламасын бір соққымен-ақ екі жылға кейін шегеріп тастадық, - деп мақтануда. Испаниядан қайғылы хабар келді. Ливерпуль мен Португалия Ұлттық Құрамасының шабуылшысы Диогу Жота інісімен бірге жол апатынан қаза болды. Ал, Нью-Йоркте біраз Голливудтық әнші мен актерге зорлық көрсеттідеген продюссер Пи-Диддиге қатысты сот отырысы жалғасуда. Реп орындаушы ақталып шығуы мүмкін. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.
Украинаның әуе қорғанысы қаңсырап қалуы мүмкін. АҚШ ай басында кенеттен қару жіберуді тоқтатқан. Атап айтсақ, Дүркінді зымыран кешендеріне арналған снарядтарды жібермей жатыр. Украина билігінің өкілдері қазірдің өзінде дабыл қағып жатыр.
ФЕДОР ВЕНИСЛАВСКИЙ, УКРАИНА ЖОҒАРЫ РАДАСЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:
Бұл шешім біз үшін қайғылы жағдаймен бірдей. Себебі, тікелей бейбіт адамдардың өліміне алып келуі мүмкін. Қалалар мен елді-мекендерді қорғай алмай қалуымыз мүмкін.
АҚШ Иранның ядролық бағдарламасын 2 жылға кері шегіндіріп тастадық, - деп мақтанып жатыр. Атайп айтсақ, Фордо, Натанз бен Исфахан қалаларындағы нысандарға шабуылдардан кейін Иран байытылған уран қорынан айырылды, - деп Пентагон хабар таратып жатыр.
ШОН ПЕРНЕЛЛ, АҚШ ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Бұл – біздің ресми берген бағамыз. Жай ерігіп айта салған жоқпыз. Әскери мамандар мен ғалымдардың ортақ мәмілесі. Себебі, Иран жылдар бойы дәл осы уран қорын байытып келді. Нәтижесінде, сол нысандарға бункерге қарсы бомбаларды қолдана отырып, шабуылдадық.
Ливерпуль мен Португалия Ұлттық Құрамасының шабуылшысы Диогу Жота жол апатынан мерт болды. Жанында інісі Андре Силва да болған. Ол да тірі қалмады. Оқиға Испанияның Самора провинциясында болған. Алдын ала хабар бойынша, Ламборджини көлігімен алдындағы көлікті басып озбақ болғанда, дөңгелек жарылып, темір тұлпар жол жиегіне аударылып кеткен. Футболшы өткен аптада ғана сүйіктісімен отау құрған еді. 3 баласы жетім қалды. Естеріңізге сала кетсек, өткен маусым қорытындысы бойынша Диогу Жота Англия Чемпионы атанып, Ұлттық Құрамасымен Ұлттар Лигасында топ жарған еді. Қазір, бүкіл әлемдегі Криштиану Роналду бастаған тұлғалар қайғырып, көңіл айтып жатыр.
КИР СТАРМЕР. ҰЛЫБРИТАНИЯ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Бұл жаңалық бүкіл әлем бойынша миллиондаған футбо фанаттарының қабырғасын қайыстырды. Әсіресе, Ливерпуль фанаттары мен Португалдықтардың қайғысын елестете алмаймыз. Бүкіл Ұлыбритания халқының атынан оның отбасы мен жақындарына көңіл айтамын.
Пи Дидди ақталып шығуы мүмкін. Алқа билер соты ауыр баптар бойынша реп орындаушыны кінәсіз деп тапты. Бірақ, судья оны сот шешіміне дейін кепілдікпен босатудан бас тартты. Айта кетейік, Шон Комбс есімді продюссер, Голливудтың барлық дерлік әншілері мен актерлеріне сексуалдық зорлық көрсетті деп айыпталып отыр. Жапа шеккендердің адвокаттары бұл шешімдермен келіспейтіндіктерін айтуда.
ДУГЛАС ВИГТОР, КЭССИ ВЕНТУРАНЫҢ ҚОРҒАУШЫСЫ:
Оны тек 2 федералды қылмыс бойынша жауапқа тартпақ. Біз мұнымен мүлдем келіспейміз. Бір қуанатынымыз, осының өзінде ол өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Алайда, тек соттан үміт күтіп отырмыз.
Тариф бойынша Трамптың қайтадан беті бері қарады. Вьетнамға қатысты салықты АҚШ Президенті 20 пайызға төмендетті. Бірақ, сарапшылардың пікірінше, Трамп бұны бірінші кезекті наразылықтың алдын алу үшін жасап отыр. Себебі, Вьетнам АҚШ-пен сауда-саттық жүргізетін елдер арасында ондықты қорытындылап тұр.