Биыл бүлдіршіндерге қатысты қылмыс саны 21 процентке азайды. Балалардың құқықтарын қорғау комитеті 58 тексеру жүргізіп, 1500-ден астам жеткіншектің құқығы қалпына келтірілді. Мұның барлығы - бір жыл бұрын қабылданған әйелдердің құқықтарын қорғау және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған Заң жобасының нәтижесі. Бұдан өзге тағы қандай өзгеріс барын Аружан Задабек айтады.
2024 жыл. 16 маусым. Елде жаңа заң қабылданды. Бұл балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған нақты шараларды енгізуге жол ашты. Нәтижесінде зорлық-зомбылық пен қатыгездікке қарсы жүйелі жұмыс жүргізіле бастады.
НҰРЛАН ЖАНАБАЕВ, ЗАҢГЕР:
Соңғы жылдарда бізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң бар. Әйелдерді қорғау және балаларды қорғау. ҚР мемлекетіміз халықаралық ратификацияға қол қойды.
Еліміздің барлық өңірінде психологиялық қолдау орталықтары ашылды. Жыл басынан бері зорлық-зомбылықтан зардап шеккен 50 мыңнан аса ата-ана мен балаға көмек көрсетті. Өңірлік уәкілдер институты жеткіншекті қорғау жүйесінің маңызды элементіне айналды. Олар бүлдіршіндер бар барлық мекемеге, соның ішінде жабық ұйымдарға да кедергісіз кіру құқығына ие.
МАДИНА БИСЕМБАЕВА, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІ БАЛАЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ КОМИТЕТІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Бұл Заң жекелеген әрекеттерден жүйелі тәсілге көшуге мүмкіндік берді. Бүгінде елімізде балаларды қорғаудың тұрақты моделі қалыптасты, онда мектептен бастап уәкілетті өкілге дейінгі әрбір буын алдын алу мен көмек көрсету үшін жұмыс істейді.
«111» байланыс орталығы отбасы, әйелдер және балаларды қорғау мәселелері бойынша бірыңғай жүгіну арнасы ретінде заңмен бекітілді. Биыл 88 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Енді мектептерде QR-код арқылы құпия түрде хабарлама қалдыруға мүмкіндік бар.