Кең даланы мекен еткен қазақ жұртының ең аяулы да қасиетті музыкалық аспабы домбыраның бірде күмбірлеген, бірде шертілген ойлы дыбысы құлаққа жағымды, жүрекке жақын, оның күмістей сыңғырлаған үні талай сырдың басын қайырады. Сымдай тартылған қос ішектен сан ғасырдың сан алуан сипаты ақыл-ойы, көңіл күйі жатыр. Көрнекті ғалым, композитор және дирижер Ахмет Жұбанов айтқандай, домбыра – көшпелі елдің көнекөз шежіресі, көпті көрген қарияның көкірек күйі.
Расында, домбыра – ұлт болмысының бейнесі, халқымыздың жан сырын жеткізетін киелі аспап. Осы бір ұлттық қазынаның қадірін арттырып, ұрпаққа ұлағаттауға бағытталған Ұлттық домбыра күні – рухани маңызы зор мереке. Осыған орай, Атырау облысы полиция департаментінде де бұл күн ерекше ауқымда аталып өтті. Мәдени шараға 35-тен астам полиция қызметкері отбасымен, әсіресе балаларымен бірге қатысып, қазақтың киелі аспабы — домбыраны қолдарына алды. Іс-шараның негізгі мақсаты – ұлттық өнерді дәріптеу, ұрпақ бойына рухани құндылықтарды сіңіру, отбасылық тәрбиеде рухани құндылықтарды насихаттау. Іс-шарада шебер орындаушылар мен жас өнерпаздар өз өнерлерін ортаға салып, халық композиторларының күйлерін тарту етті. Әсіресе, ата-анасының жанында отырып домбыра тартқан балалар көпшілікті ерекше әсерге бөледі. Атырау қаласындағы №1 қалалық полиция бөлімінің аға инспекторы Нұртай Танжариков бұл шараға қызы Асылаймен бірге қатысып, отбасы үшін домбыраның орны ерекше екенін айтып өтті:
– Қызым Асылай – күйші. Музыкаға деген ықыласын ерте байқап, 6 жасынан бастап домбыра үйірмесіне қатысып келеді. Қазір жасы 12-де. Бірнеше республикалық байқаудың жүлдегері. Әр кеш сайын жаттығып, жаңа күйлер үйренуге құштар. Біз отбасымызбен қызымыздың әр жетістігіне қуанып, онымен мақтанамыз,– дейді ол.
Полиция қызметкерінің айтуынша, бұл өнер қызына атасынан дарыған екен.
– Біздің әкеміз – домбырашы. Домбыраны қолға алған сәтінен бастап, бәріміз ұйып тыңдайтынбыз. Домбыраны бауырыммен бірге шертетін едік. Інім ән салады, өзім де домбыра шертемін. Қызымның қызығушылығы мен таланты атасынан дарығаны қуантады. Өзімде кейде шертемін, кейде тыңдаймын – ерекше рухани күйге бөленемін. “Әу демейтін қазақ жоқ” деп бекер айтпаған ғой, – дейді ол жылы жымиып.
Домбыраның үні – ұрпаққа сіңетін тәрбие, елдік пен ұлттық рухтың айнасы. Осындай игі бастамалар арқылы жас буынның бойында отансүйгіштік пен ұлттық сана қалыптасары анық.