Мүгедектігі бар жандарға қайыр сұратқан. Ақтауда «отбасылық кәсіп» жасаған 3 адам сотталды.
Олар Ақтау қаласында мүгедектігі бар екі адамды күштеп ұстап, қаржы табу мақсатында пайдаланған. Аяғы жоқ екі жәбірленушіні Қарағанды қаласынан Семей қаласына алдап апарып, кейіннен Ақтау қаласына әкеліп, жергілікті базарларда қайыр сұрауға көндірген. Тапқан ақшаларын ұйымдастырушылар өз қалтасына басып отырған. Зардап шеккендерді қашуға әрекеттенгені үшін қорқытып, психологиялық және физикалық зорлық-зомбылық көрсеткен.
Маңғыстау облыстық Прокуратурасының мәліметінше, қылмыстық схеманы ұйымдастырған 50-жастағы әйел мен оның екі ұлы 7 жылға бас бостандығынан айырылды.