Қызылордада жеке мектеп қызметкерлері әлі күнге мамыр айының айлығын ала алмай жүр. Бірнеше айдан бері құрылтайшының құрғақ уәдесіне тойдық дейді олар. Бір емес, бірнеше бөлімшесі бар білім ордасының барлығында да осы жағдай қайталанып отырғанын айтып ашулы.
Жиналғандардың айтуынша, жекеменшік мектептің бір бөлімінде 170-тен аса қызметкер бар. Барлығымыз да азын-аулақ айлықпен күнелтіп отырмыз дейді. Жаздың ортасына келсе де мамырдың айлығы біз үшін арман болды деп ашулы. Оған қоса, еңбек демалысына төленетін ақыны да аудармағанын айтады. Жалпы биылғы оқу жылында жалақымыздың барлығы уақытылы төленген емес дейді.
АҚМАРАЛ ТӨЛЕГЕН, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Қыркүйектен бастап біз мардымды жалақыны ала алмай отырмыз. Оған себепті фиононсирование болмай жатыр, қаржы жоқ дейді. Енді мамыр айына келдік. 26 мамырда отпускке шығып кеттік. Біз даже қанша алатымызды да білмейміз. Карешок қолымызға берілмейді. Келісімшарт жоқ. Ол сұрақтармен біз барсақ, бізді әртүрлі сылтаулармен шығарып салады.
Мұғалімдер қазір несиелерінің де өсіп, көк тиынсыз қалғандарын айтады. Ал басшыларының тарапынан нақты көңілге қонымды бір жауап ала алмағана қынжылып отыр.
АҚМАРАЛ МАУЫШОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
90 мың айлығымызды дұрыс ала алмай жатырмыз. Уақытылы алмаймыз. Мына жаққа апта сайын келіп тұрмыз әлі. Директорға кіреміз, ешқандай да келесі апта, келесі апта сонымен алдап келе жатыр.
Қызметкерлер ғимарат ішіне кіре алмады. Себебі мектеп қақпасына құлып салынған. Басшылары да ол маңнан төбе көрсетпеді. Ал мемлекеттік еңбек инспециясындағылар заңнаманың сақталмағанын айтуда. Сондықтан қызметкерлердің арызына сәйкес білім ордасына жоспардан тыс тексеру тағайындалады дейді.
ГҮЛСІМ НҰҒМАНОВА, МЕМЛЕКЕТТІК ЕҢБЕК ИНСПЕКЦИЯСЫ КОМИТЕТІНІҢ ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МАМАНЫ:
Тексеру тағайындауға әзірлік жұмыстары жүріп жатыр. Біздің тарапымыздан тексеру қорытындысымен нұсқама енгіземіз. Нұсқамаға мерзім белгілейміз. Ол кәсіпкерлік кодексте көзделген жұмыс берушінің пікірін ескере отырып мерзім белгілеу.Орындамаған жағдайда хаттама толтырып, материалдарды сотқа жолдаймыз.
Мамандардың айтуынша, бұл жеке меншік мектептердегі жалақы дауына байланысты тіркелген жалғыз факт емес. Соңғы уақытта ақылы мектептің қызметкерлері тарапынан арыздар жиілеген.