Алматыда ұлттық домбыра күні тойланып жатыр. Мереке қарсаңында Алматыда Орталық музей қорындағы музыкалық аспаптар топтамасынан жасақталған «Күмбірле, қоңыр домбыра» атты көрменің ашылуы өтті. Іс-шараның мақсаты – домбыраның мәні мен құндылығын көрсету әрі қазақ халқының бай музыкалық мұрасын көпшілікке насихаттау. Көрменің ашылу салтанатында күйші, Халық әртісі Секен Тұрысбек өзінің 30 жыл бойы шығармашылық серігіне айналған домбырасын орталық музейге тарту етті. Бұл мұражайда 220-дан аса аспап бар, оның 60-ы домбыра. Бүгін тарихи тұлғалар тартқан ең таңдаулы домбыралар көрмеге қойылды.
ҮМІТ ӘШІМОВА, ҚР ОРТАЛЫҚ МУЗЕЙІНІҢ БАС ҚОР САҚТАУШЫСЫ:
Бұл домбыралардың бүгінгі көрмемізге 30 шақтысы іріктеліп қойылып отыр. Олардың қатарында Жаяу Мұсаның өзі жасаған домбырасы бар, сол сияқты Әміре Қашаубаевтың Париждің аспанын қазақ әуенімен әуендетіп келген әнші Әміренің домбырасы осы көрменің негізгі экспонаттарының бірі болып тұр. Ұлы Абайдың жары Ділдә Алшынбайқызының сүйекпен әсемделген 1882 жылғы жасалған домбырасы да келушілердің назарына ұсынылып отыр.