$519.51 €611.83 ₽6.6
×

Елордада коммуналдық қызметкерлердің құрметіне гүлзар ашылды

04.07.2025ж. 20:00
128
Елордада коммуналдық қызметкерлердің құрметіне гүлзар ашылды

Елорда күні қарсаңында Байқоңыр ауданында «Коммуналдық қызметкерлер» гүлзары ашылды. Сала өкілдеріне құрмет көрсету мақсатында салынған саябақ аудан тұрғындары үшін қолайлы әрі жайлы қоғамдық кеңістік ретінде абаттандырылған. Ашылу рәсіміне Астана қаласы мәслихатының басшылығы, Байқоңыр ауданының әкімі, қоғам қайраткерлері мен белсенді жастар қатысты. Толығырақ келесі сюжетте.

Бұл - «Жұмысшы мамандықтар» жылы аясында, коммуналдық сала өкілдеріне құрмет көрсету және олардың күнделікті еңбегіне алғыс білдіру мақсатында ашылған гүлзар. Жалпы ауданы - 10 700 шаршы метр.

ТАБИҒАТ ЗЕЙНҰЛҚАБДЕН, АСТАНА ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Бұл стелла - ардагерлердің жұмысына, сол кісілердің бұрыннан, күні-түні қызмет етіп, өздерін көрсеткені үшін соларға деген тағзым. Соларға деген үлкен құрметтің белгісі. 

Абаттандыру жұмысы аясында 3 500 шаршы метр аумақта кеспетастар және 2000 шаршы метр асфальт жабыны төселді. Бұдан бөлек, 100 көлікке арналған автотұрақ орны бар. Балалар мен ересектерге арналған ойын және спорт алаңдары да салынған.

ҚАЛЫМТАЙ ҚАЗЫБАЕВ, АРДАГЕР:

Тамаша күн болып тұр. Қала күніне арналған, сәйкес болып. Барлық жұмыскерлерге, күні-түні жұмыс істейтіндерге алғыс айтамын.

Жаңа гүлзар тұрғындардың жайлы демалысы мен серуендеуі үшін қолайлы орта қалыптастырып, қалалық инфрақұрылымды одан әрі жақсарта түспек. Биыл Астанада 170-ке жуық аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылады. Жұмыс қаланың барлық аудандарын, оның ішінде тұрғын алаптарды да қамтиды.