Алматыда жаңа әлеуметтік драмалық сериалдың түсірілімі басталды. “Көзқарас” деп аталатын бұл телехикая – мүгедектігі бар жандардың өмірі мен қоғамдағы әділетсіздік мәселелерін шынайы түрде көрсетуге бағытталған. Сюжет желісі арқылы көрерменге үлкен ой салатын туынды қараша айында көрерменге жол тартпақ.
12 бөлімнен тұратын Көзқарас сериалының түсірілімінің алғашқы күні өз мәресіне жетті. Шығармашылық топ 45 адамнан құралған. Құрамында елімізге танымал актерлер бар. Шынайы жазылған сценарий арқылы жобаның сапалы әрі жүрекке әсерлі жетуі үшін барымызды саламыз дейді әртістер.
ИНДИРА САБИРОВА, АКТРИСА:
Бүгін бірінші күн. Дегенменде міне соңғы сахналарға таяп қалды. Қазір бәрі ұнап жатыр. Өте комфортты площадка. Команда жақсы. Енді өте жақсы дүние шығады деген ойдамын. Себебі біз бәріміз шын ниетпен, шын көңілмен бұл жерге келіп тұрмыз. Бірден бір себеп сценарий оқыған кезде маған кейіпкерім қатты ұнады және де қозғалып жатқан тақырып өте ұнады. Сондықтан ойланбастан келістім.
Сериал табысты құрылыс компаниясының басшысы Рүстем есімді азаматтың жол апатына ұшырап, мүгедек болып қалуы арқылы өрбиді. Шынайы достық, мейірім, адалдық секілді рухани құндылықтар сюжет желісінен көрініс табады.
БАҚЫТ ҚАДЕР, РЕЖИССЕР:
Жаңа сериал өте ауқымды тақырыпты қамтитын болады. Яғни инклюзия бағытында болады. Жаңағы айтып кеткендей түсірілімдер 18 күнге жалғасады. Белді танымал актерлар басты рөлдерді сомдайтын болады. Сериал енді жоспар бойынша қараша айына жоспарланып отыр. Әзірге қазір түсірілім барысы өтіп жатыр. Келесі айдан бастап монтаж периоды басталатын болады.
“Көзқарас” – бұл жай ғана сериал емес, ішкі күш пен сенім, адамгершілік пен үміт туралы хикая. Қараша айында көрерменге жол тартатын телехикая көркем мазмұнымен де, әлеуметтік маңызымен де есте қалары анық.