$519.51 €611.83 ₽6.6
×

Трамп БРИКС-ті қолдайтын елдерге қосымша тариф енгізетінін айтып сес көрсетті

AstanaTV
07.07.2025ж. 15:27
109
Трамп БРИКС-ті қолдайтын елдерге қосымша тариф енгізетінін айтып сес көрсетті

АҚШ президенті Дональд Трамп "БРИКС-тің антиамерикалық саясатына" қосылған кез келген елге 10 пайыздық қосымша сауда тарифі енгізілетінін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

 

"Антиамерикалық БРИКС саясатына қосылған кез келген елге 10 пайыздық қосымша тариф салынады. Бұл саясаттан ешқандай елге ерекше жағдай жасалмайды. Назар аударғандарыңызға рахмет!" — деп жазды Трамп.

Аталған мәлімдеме БРИКС елдерінің Бразилияда өткен саммитіндегі ортақ үндеуінен кейін жарияланып отыр. Онда ұйымға мүше мемлекеттер "біржақты тарифтік шараларға" алаңдаушылық білдіріп, оларды "әлемдік сауда мен экономикалық дамуға қатер төндіретін" әрекеттер деп атады. Құжатта АҚШ тікелей аталмағанымен, сын астары нақты аңғарылады.

БРИКС елдерінің пікірінше, мұндай шектеулер жаһандық сауда көлемінің азаюына, жеткізу тізбектерінің бұзылуына және әлемдік экономикалық теңгерімсіздіктің ушығуына алып келуі мүмкін.

Бастапқыда БРИКС құрамында төрт мемлекет — Бразилия, Ресей, Үндістан және Қытай болған. 2010 жылы оларға Оңтүстік Африка Республикасы қосылды. Ал 2024 жылдың басында Иран, Египет, Эфиопия және Біріккен Араб Әмірліктері ресми түрде мүше болды. Кейін Индонезия да ұйымға қосылғанын жариялады.

AFP агенттігінің мәліметінше, қазіргі таңда БРИКС елдерінде жер бетіндегі халықтың жартысы тұрады, ал олардың жиынтық ішкі жалпы өнімі әлемдік экономиканың шамамен 40 пайызын құрайды.