Түркістан облысының Ордабасы ауданына қарасты Темірлан ауылында тұратын бірінші топтағы мүгедек Ақжол Нияз тегін тұрғын үй кезегінде тұрғанына қарамастан, 12 жылдан кейін заңсыз түрде кезектен шығарылғанын білген. Бұл туралы Otyrar.kz хабарлайды.
2023 жылы баспана алу кезегіне тұрған Ақжол Нияздың атынан әрекет еткен інісі – Данил Нияз:
«Өткен жылдан бастап Темірлан ауылында үйлер салына бастады. Бұл туралы естіп, әкімдікке бардым. Сол кезде маған ағамды баспана кезегінен алып тастағандарын айтты. Себебі – оның атында үй бар екен-мыс. Бірақ бұл – шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат», – деді.
Ордабасы аудандық прокуратурасына шағым түскеннен кейін, тексеру жүргізілді. Түркістан облысы прокуратурасы:
«Тексеру нәтижесінде азаматтың заңсыз кезектен шығарылғаны анықталды. Аталған факті бойынша тұрғын үй бөлімі басшысына және жауапты қызметкерге қатаң тәртіптік жаза қолданылды. Нәтижесінде Ақжол Нияздың кезегі қалпына келтіріліп, оған пәтер берілді», – деп хабарлады.
2025 жылдың алғашқы алты айында Түркістан облысы прокуратурасына 15 400-ден астам мүгедектігі бар азамат түрлі мәселемен жүгінген. Олардың құқықтары қалпына келтірілген.
Бүгінде өңірде 100 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам тұрады.