$519.58 €609.36 ₽6.63
×

Трамп Украинаға қайтадан қару беретін болды

08.07.2025ж. 20:00
53
Трамп Украинаға қайтадан қару беретін болды

Трамп Украинаға қару беретін болып келісті. АҚШ Президенті өзінің өткен аптадағы шешімін өзгертті. Бірақ, өзге елдерге жанашырлық көрсете қоймады. Атап айтсақ, Жапония мен Оңтүстік Кореяға қарсы 25 пайыздық салық салды. Бұл тізімге тағы бірнеше мемлекет кірген. Жапония болса, бұған қарсымыз, - деп жар салды. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.

Трамп кенеттен Украинаға қару беретін болып қалды. Өзімізге жетіспесе де, қорғаныс үшін Зеленскийге 10 кешен мен оған снарядтар бермек. Естеріңізге сала кетсек, Иран мен Израиль қақтығысын сылтауратып, Украинаны жығып берді деген хабар өткен аптада дүйім жұртты дүрліктірген еді. Демалыс күндері Трамп Зеленскиймен телефон арқылы сөйлесіп, проблеманы шешкен.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Әлбетте, Байден бастап кеткен былықтарды реттеу менің мойныма жүктелді. Путин де, бұл қантөгісті тоқтатқысы келмейді. Украина болса, соғыс басталғалы бері ең жойқын соққыларға ұшырап жатыр. Сондықтан, менің Зеленскийге де көмектесуім керек. Бірінші кезекте, қорғаныс құралдарын көбірек береміз. Пэтриот кешендерін өзімізден жырып беруге тура келеді. Толастамай тұрған шабуылдардан Украина қорғана білуі тиіс.

Трамп тарифтерінің таусылатын түрі жоқ. Бірнеше елге АҚШ Президенті өз қолымен хат жазған. Әсіресе, Жапония мен Оңтүстік Кореяға қиын соқты. Өзінің басты сауда серіктестері әрі одақтастарына қарсы Трамп 25 пайыздық салық салып отыр.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мен келе сала экономикада бізді пайдаға кенелтетін шешімді қабылдадым. Қытай да біздің ырқымызға көнеді. Ел экономикасына бұрын-соңды болмаған инвестициялар тартып жатырмыз. Осыдан кейін қалай ғана, менің саясатымды теріс дейсіздер? Кез-келген елмен сауда жүргізуге қуана келісеміз. Бірақ, олар бізге тауар сататын болса, Америкаға келіп, зауыт ашсын. Сонда мархабат. Барлығын құшақ жая қарсы аламыз.

Жапония мұнымен мүлдем келіспейді. Премьер-министр – Шигеру Ишибаның айтуынша, Күншығыс елі бұған жай ғана бұғып қарап отыра алмайды. Трамп елді шығынға батырмау үшін соңына дейін барамыз, - дейді.

ШИГЕРУ ИШИБА, ЖАПОНИЯ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Біз АҚШ Ұлттық мүдделеріне қайшы келетін ойымыз жоқ. Дегенмен, бірінші кезекте, өз мүдделерімізді қорғауымыз тиіс. Сондықтан, келіссөздер әлі де жалғасып жатыр. Бірінші тамызға дейін уақытымыз бар. Әйтсе де, біз бұл тариф саясатымен келісе алмаймыз. Өйткені, Жапония осы уақытқа дейін Президент Трамп айтқандай, АҚШ экономикасына кесірін тигізген емес.

АҚШ-тың Техас штатында алапат су тасқыны болып, 100 астам адамның өмірін жалмады. Қазіргі бар ақпаратқа сәйкес, олардың 25і балалар. 11 адам іс-түссіз жоғалып, оларды табу мүмкін болмай тұр.