$519.58 €609.36 ₽6.63
×

«Халықтың бәрі ауру болады»: Министр неге дабыл қақты?

08.07.2025ж. 20:00
85
«Халықтың бәрі ауру болады»: Министр неге дабыл қақты?

«Халықтың бәрі ауру болады». Мұндай сұмдық сөзді бүгін ауыл шаруашылығы министрі айтты. Өйткені елді ауру малдың етін сататындар көбейген. Салдарын көріп жатырмыз. Атбасарда бұзылған өнім жеген 19 адам сібір жарасын жұқтырып алды. Біреуінің жағдайы – ауыр. Беттің арын белге байлағандардың мұндай әрекетіне шектеу қойылмаса әрі қарай жағдай қалай болмақ? Аружан Задабек жауаптылармен кездесіп келді.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Ет дегенде ештеңеге қарамай, қомағайлана түсетін қазақ қазір әр асына қорқақтап қарайтын болды. Зерттемеске болмас, жан-жақтан тарап жатқан ақпарат зәреңді алады. «Анау жерде ауру малдың еті сатылып жатыр екен, мына жерде пәленбай адам ұшыныпты» дегеннен көз ашпайтын болдық. Бір ғана дәлел – Атбастардағы оқиға. 19 адам сіңір жейміз деп сібір жарасын жұқтырды. Осыдан кейін етке сілекейіміз ағып емес, сескеніп қарайтындай деңгейге жеттік. Бірақ ауылшаруашылығы министрі қорқатын дәнеңе жоқ деп сендірді.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Министрлік мәселені шешу үшін түрлі шараны қабылдап жатыр. Енді құжатсыз мал сатқандарға жаза күшейеді, қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бұдан былай, үйленгенде келіншегіңе қалай сырға тағып аласың, төрттүлікті де дәл осы жолмен иемденуің тиіс. Әйтпесе ол әйелің деп, ой, өзіңнің заңды малың болып есептелмейді. Әр жануарға жеке нөмір беріледі. Ал сырғаны ұйымдасқан шаруашылықтар өздері сатып алуы тиіс. Сондай-ақ аурудан сақтану үшін төртаяқтының жай-күйін анықтайтын смарт шешім ойлап табылды.

ЖАСЛАН МӘДИЕВ, ҚР ЦИФРЛЫҚ ДАМУ, ИННОВАЦИЯЛАР ЖӘНЕ АЭРОҒАРЫШ ӨНЕРКӘСІБІ МИНИСТРІ:

Агроөнеркəсіптік кешен саласында цифрлық технологияны енгізудің бір мысалы отандық смарт-трекер жəне малдың жай-күйін мониторингтеу жүйесі. Шешім фермерлер мен аграрлық компанияларға малдың жағдайын онлайн бақылауға жəне оларды түрлі аурудан сақтауға мүмкіндік береді.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Бірде бар,бірде жоқ. Бірде аш,бірде тоқ. Ет десе болды, құлағыма осы шумақ келе береді. Соңғы кезде бағасына қатысты әңгіме көбейді. Бүгін министр елде төрттүлік көбейді, экспорт артты деп жар салды. Сүйіншілеткенін қайтейін, баға бәз қалпында. Қымбаттамаса түскен емес.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ:

Бұл өсім сойыс салмақтағы еттің көлемін 3%-ға, сиыр сүтін 7,5%-ға ұлғайту есебінен қамтамасыз етілді. Ет өндіру көлемі бойынша ең жоғары көрсеткіштерге Алматы, Ақмола облыстары, ал сүт өндірісі бойынша – Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстары қол жеткізді.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Сөйтсек бар мәселе делдалдарда екен. Білгенін істеп, айдан баға алып отырған солар дейді министр. Алыпсатарлар қазақтардың қымбат болса да етсіз тамақ ішпейтінін әбден зерттеп, біліп алған-ау. Сондықтан «клиентім» азаяды деп қорықпайды. Жауаптылар бұған да тосқауыл ойлап таптық дейді. Әңгіме 2023 жылы таныстырылған «Tört Tülik» мобильді қосымшасы жайында. Осы арқылы тұрғындар етті фермерлерден тікелей онлайн сатып ала алады. Бірақ жоба қосылмай жатып жұрттың сынына қалып үлгерді. Кей тұстары түсініксіз, тек есеп үшін жасалған деген пікір көп.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Саланың тұрақты жұмысы еліміздегі ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен де тікелей байланысты. Ол – халықтың денсаулығына тікелей әсер ететін өте маңызды мәселе. Сондықтан өңірлерде сапалы ветеринариялық инфрақұрылым жұмыс істеуге тиіс.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Қазақта «Қызыл ет бітер, Қызыл бет қалар» деген мақал бар. Теңгені ойлап ауру мал сатқандар мен бағаны аты-жөні жоқ қымбаттататындарға осы сөздің өзі жетер. Бастысы ет түсімізге емес, тісімізге кірсін.