Қазақстан әлемнің 30-дан астам елімен тікелей әуе қатынасын жолға қойды. Енді Нью-Йорк, Токио және Сингапур қалаларына рейстер ашу мәселесі пысықталып жатыр. Бұл туралы Мемлекет басшысының Халықаралық азаматтық авиация ұйымы кеңесінің президенті Сальваторе Шаккитаноны қабылдауы барысында айтылды. Қазақстан өңірде тәуелсіз Авиация әкімшілігін құрған алғашқы ел. Бұл қадам ұшу қауіпсіздігіне бақылауды айтарлықтай күшейтуге мүмкіндік берді. Сальваторе Шаккитано Қазақстанда авиация қарқынды дамып, орнықты өсім көрсетіп отырғанына назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаев саладағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту мен нығайтуға қосқан үлесі үшін Сальваторе Шаккитаноны I дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.