Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Петропавл іргесіндегі Якорь селосының халқы суға жарымай отыр

AstanaTV
21.07.2017ж. 20:00
2011
Петропавл іргесіндегі Якорь селосының халқы суға жарымай отыр

Солтүстікте бүтін бір ауылдың тұрғындары суға жарымай отыр. Тіршілік көзінің тапшылығынан жұртқа емін еркін жуынудың өзі арман. Ал елді мекенді таза ауыз сумен қамтитын жаңа су мұнарасы осымен төртінші жыл іске қосылмай отыр.    

Қалаға тиіп тұрған Якорь селосы тұрғындарының суға зар болып отырғанына 15 жылдың жүзі болды. 700-ден астам түтіні бар елді мекенде тіршілік нәрі тек 3-4 сағатқа ғана беріледі. Су тапшылығынан жұрт үй іргелік жеріне бау-бақша егуден де қалған

Наталья Кичигина, ауыл тұрғыны:

Суды кешкі бестен сегізге дейін береді. Қысымы да шамалы. Көбіне картопты ғана отырғызамыз. Аздап сәбіз бен қияр егемін. Қыстың күні көретін күніміз де осы суды 3-ақ сағат ағызады.

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары тартылған су жүйесінің әбден тозығы жеткен. Судың сағаттап берілу себебі, құбырлар қатты қысымға шыдас бермейтін көрінеді. Қысымның төмен болғаны сонша, ауылдың шеткі көшелеріне тіршілік көзі жетпей қалады екен.

Галина Бушланова, ауыл тұрғыны:

Кей тұрғындар су берілгенде бақшаларын суарады, біз ауыз ішерге су таба алмай әуре болып жүреміз. Үйлерге арнайы сорғылар орнаттық. Бірақ кейде оның өзі көмектеспейді.

Жырымдап берілетін судың тарифі аспандап тұр. Петропавлда бір текше метр судың бағасы 80 теңгенің маңайында болса, якорьлықтар бұдан еке есе қымбат төлейді. Бірақ, мұның өзі суға жауап беретін тұлғаларға аздық етсе керек.

Ануар Қожахметов, Якорь ауылдық округінің әкімі:

Жұрттың дилерлік кәсіпорын алдында 300 мың теңгеге жуық қарызы бар. Бұл кәсіпорын бар тапқан пайдасын ауылды сумен қамтитын «Есіл су» компаниясына береді. Демек, өздеріне кіріс жоқ. Сондықтан судың тарифі қайта қарастырылмақ.

2013 жылы ауылда жаңа су мұнарасы бой көтере бастады. Алайда, нысанның құрылысы сағызша созылып кеткен. Мердігерлік компания жобаға тапсырыс берген су ресурстары комитетінің талаптарын орындамаған сыңайлы.

Бақыт Ілиясов, СҚО Қызылжар ауданы сәулет, құрылыс, ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

Жоспарға сәйкес нысан 2016 жылы қолданысқа берілуі тиіс еді. Алайда, су ресурстары комитеті мердігерлермен соттасып, құрылыс біршама уақытқа тоқтап қалды. Қазір мұнара 90 пайызға дайын. Жобаға жауап беретін «Есіл су» кәсіпорны жылдың аяғына дейін нысан іске қосылады деп сендіріп отыр.

Абзал Құрманкин, тілші:

Дегенмен, аталған нысан іске қосылса да, судың сағаттап берілуі тыйылмайтын көрінеді. Себебі бар гәп мұнарада емес, ескі құбырларда болып тұр. Жергілікті билік өкілдері жаңа су жүйесінің жобалық-сметалық құжаттамасын дайындап қойған. Алайда, қаражат мәселесі әлі де ашық күйі қалып отыр.