Президент су шаруашылығы қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, су – бүкіл тіршіліктің көзі, әлемдегі барлық ел үшін аса маңызды стратегиялық ресурс екенін айтты.
– Біздің кең байтақ жеріміз бар. Алайда ел аумағының жартысынан көбі шөл және шөлейт жерлер. Сондықтан Қазақстан үшін су мәселесі ұлттық қауіпсіздік мәселесі десек, артық болмайды. Бұл сала әрдайым мемлекеттің айрықша назарында. 2023 жылы халыққа Жолдауымда мен суды тиімді пайдалану жайына ерекше тоқталдым. Елімізде Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Нақты міндеттер айқындалып, ауқымды реформалар қолға алынды. Жаңа Су кодексі қабылданды. Ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Су нысандарын салуға және қалпына келтіруге қомақты қаражат бөлінді. Шетелден инвестиция тартылуда. Қазір осы салада 30 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Олар қала мен ауылды, өндірістер мен егіс алқаптарын сумен қамтамасыз етуде, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент су саласында мықты мамандар әлі де жетіспейтінін атап өтті.
– Былтыр Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті құрылды. Осы мамандыққа бөлінетін грант саны екі есе артты. 500-ден астам студент бюджет қаржысына білім алып жатыр. Олар оқуын аяқтаған соң «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында жұмыс істей алады. Сондай-ақ 120 қызметкер Қытайда тәжірибе алмасып, қосымша білім алуда. Су шаруашылығы мамандарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға баса мән берілуде. Былтыр олардың жалақысы 25 пайызға өсті. Биыл да көбейеді. Бір сөзбен айтсақ, жүйелі жұмыс істеліп жатыр, – деді Мемлекет басшысы.