$518.97 €607.3 ₽6.64
×

Астанада бір күннің ішінде төрт бала терезеден құлап, екеуі қайтыс болды

09.07.2025ж. 20:00
41
Астанада бір күннің ішінде төрт бала терезеден құлап, екеуі қайтыс болды

Астанада бір күннің ішінде төрт бала терезеден құлап кетті. Екеуі оқиға орнында қаза тапты. Аман қалған бүлдіршіндер түрлі дене жарақатын алған. Бұл жыл басталғалы естіп тұрған алғашқы оқиға емес. Соңғы кездері биіктен құлау дерегі көбейді. Неге? Ата-ана нені ескеру керек? Аружан Задабек тараптармен тілдесті.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Терезеден ұмсынып қайтыс болған екі баланың жасы – 3-те және алтыда. Олар көпқабатты үйдің 10 және 16 қабатынан құлаған. Ал аман қалған екі бүлдіршін жедел жәрдеммен дәл осы балалар стационарына жеткізілді.

Қазір екеуінің жағдайы тұрақты. Ақ халаттылар кейде ата-ананың жауапсыздығы осындай жағдайға әкеледі деп налып отыр. Жыл басынан биіктен құлаған 51 балдырған ауруханаға жеткізілген. Оның төртеуі стационарда қайтыс болған.

БАЙМАХАНБЕТ САДУОВ, ҚАЛАЛЫҚ «№2 КӨПБЕЙІНДІ ҚАЛАЛЫҚ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫ» ШЖҚ МКК ТРАВМАТОЛОГИЯЛЫҚ ПУНКТ МЕҢГЕРУШІСІ:

Бір қыз 6-этаждан құлады. Ол бас-ми жарақатымен жағдайы ауыр, реанимацияға жатқызылды. Жамбас сүйектерінің сынуы. Қазір жалпы бөлімшеге ауысты. Жағдай тұрақты. Екінші 1-этаждан құлаған. Оның жағдайын тексердік, Компьютерлік томография, ренген, узи бәрін дәрігерлер қарады. 

Мұндай жағдай тек Астанада тіркелген жоқ. Өзге өңірлерде де қайғылы оқиғаның орын алғанын естіп, көріп жүрміз. Мамандар бала көбіне масаға арналған торға сүйеніп, құлап кетеді дейді. Ата-аналарға ескерту үшін төтенше жағдай департаменті жиі рейд жұмыстарын ұйымдастыратын болған.

МИРАС ҚАДІРЖАН, САРЫАРҚА АУДАНЫ ТЖБ БАС МАМАНЫ:

Жыл басынан бері 112 пультіне 35 терезеден құлау бойынша қоңырау келіп түсті. Оның 10-ы – қайғылы жағдаймен аяқталды. 29-ы түрлі дене жарақатымен тіркеліп отыр.

Масаға арналған материал бүлдіршіннің салмағын көтере алмайтыны анық.

АЙГҮЛ АРДАГЕР, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Бұғаттау құралдарын қойған дұрыс деп ойлаймын. Масаға қарсы тор көмектеспейді. Қаншама жағдайды көріп жатырмыз. Қанша чатта отырамыз. Көбі жіберіп отырады. 5 жастағы баланың өзі құлап кеткенін естідік.

Бұған дейін басқарма 103 диспетчеріне жасалған қоңыраудың аудиожазбасын жариялаған еді. Онда тұрғындар үреймен баланың құлағанын айтып, жедел жәрдемді шұғыл шақырған. Елордада жарты жылдың ішінде 60 бала көпқабатты үйдің терезесінен құлап кеткен. Олардың тоғызы жедел жәрдем келгенше көз жұмды.