$518.97 €607.3 ₽6.64
×

Алматы облысының тәртіп сақшылары жол-көлік оқиғасының алдын алу жұмыстарын жүргізуде

09.07.2025ж. 20:00
108
Алматы облысының тәртіп сақшылары жол-көлік оқиғасының алдын алу жұмыстарын жүргізуде

Қара жолдың үстінде көз ілместен көлік тізгіндеген жүргізуші – өзіне де, өзгеге де қауіп төндіруі мүмкін. Талап бойынша жүргізуші көлікті үзіліссіз 4 сағаттан артық тізгіндемеуі тиіс. Алайда ұзақ сапарға шыққан азаматтардың көбі бұны ескере бермейді. Ал полиция оны қалай анықтайды? Ұйқысы қанбағандарға шара қолданыла ма? Жомарт Түзелбай жауаптылармен бірге рейдке шықты.

Алматы Бішкек тас жолы. Түңгі сағат үш. Көлік ағыны көп емес. Бірақ бір сәтке де үзілмеді. Алыс жолға қатынайтындар қараңғыда жүргенді жақсы көреді. Өйткен, жолда көлік аз болады. Уақыт ұтуға тиімді деп түсінеді. Темір тұлпар тізгіндегендер рейд болып жатқанын алыстан аңғарды. Барлығы жылдамдығын күрт азайтты.

Бұл темір тұлпар тізгіндегендер үшін күтпеген жағдай болды. Тосын сыйға таңырқай қарағандар аз болмады.

ЖОМАРТ ТҮЗЕЛБАЙ, ТІЛШІ:

Біз Алматы Бішкек тас жолының 59-шы шақырымындамыз. Қазір жол апатының алдын алу мақсатында патрульдік полиция қызметкерлері мен жедел-жәрдем өкілдері жол бойындағы көлік жүргізушілерін тоқтатып, ұйқысының қанықтығына көз жеткізіп, ыстық кофе мен салқын сулар ұсынуда.

Түнгі рейдтің басты мақсаты — жүргізушіге айыппұл салу емес, оның амандығын қамтамасыз ету. Жыл басынан бері Алматы облысы аумағында 1500-ге жуық жол көлік оқиғасы орын алып, 2200-ден аса  азамат түрлі дене жарақаттарын алса, 167 адамның тағдыры талқан болған. Жол бойында желдей жүйіткіген жүргізушілердің заңбұзушылықтарынан жол апаттары бүгінде азаймай тұр. 

МҰРАТ ҚАЛИАСҚАРОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Жол апаты жылдамдықты шамадан тыс асыру, жол ережесін сақтамай қарсы бағытқа шығу, масаң күйде автокөлікті тізгіндеу және рөлде ұйықтап кету салдарынан болады. Жолға шықпас бұрын, көліктеріңіздің техникалық жағдайынан бөлек, өз денсаулығыңызға мән беріп, ұйқыңызды қандырып шығуды өтінеміз.

Мамандардың айтуынша жол-көлік оқиғалары түнгі 2 мен таңғы 6 аралығында тіркеледі. Бұл адамның табиғи ұйқыға ең бейім кезеңі. Сондықтан егер ұйқыңыз қанық болмаса бұл уақыттарда алыс жолға мүлде шықпаған абзал дейді. Жүргізушілер мамандардың кеңесін алып, ұйқы ашудың әдістерін үйренді.

ЕРКІН СҮЛЕЙМЕНОВ, АВТОБУС ЖҮРГІЗУШІСІ:

Асығыс жүреді қазіргі жас балдар көбісі. Асықпай жүру керек қо адам келіп жатқаннан кейін қаншама адамның өмірі бар. Бізде өзіміздің спальный бар водительский астында ұйықтайтын өзіміздің орнымыз. Сонда кезектесіп ұйықтап үш сағат, төрт сағат ауысып айдап отырамыз. Ұйқың келсе уже ауысасың напарникті оятасың.

Жол үстіндегі тәртіп — тек заңмен емес, санамен реттелуі тиіс.  Рөлге отырмас бұрын адам ең алдымен өз өмірі мен өзгелердің тағдырын ойлауы керек. Себебі бір ғана сәттік салғырттық — орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін.