$518.97 €607.3 ₽6.64
×

Оралдық науқастар дәрігерге жете алмай жүр

09.07.2025ж. 20:00
58
Оралдық науқастар дәрігерге жете алмай жүр

Жетейін десем, жете алмай... жүрген жоқпын ба? Аяқ астынан дертті болып, арбамен ғана жүретін оралдық науқастар кіжінгенінен осылай күңіреніп жүр. Өйткені емдеу мекемелерінің баспалдағы тік, пандусы жоқ. Жертөледегі рентген бөлмесіне баспалдақпен түсе алмай, қай мүшесі майып болғанын анықтауға қиналып жүрген жандар туралы тілшіміз Еркін Карин айтады.

Жамбасы сынған әжесін дәрігерге апару үшін Алтынбек күнде осылай арқалап жүреді. Өйткені емханада пандус жоқ. Бүгін де баспалдақтан өте алмай, дәрігерге жете алмай, діңкесі құрыды.

Ренжіткен рентген бөлмесі емхананың жертөлесінде екен. Бірақ оған кіріп-шығу арбадағы ауру түгілі, балдаққа сүйенгендерге де қиын.

Әжесін арқалап әлі құрыған Алтынбек бұл емханаға әлі талай келетінін айтады. Егер шенділердің науқастарға жаны ашымаса, денсаулық сақтау саласы сау адамның өзін ауру қылады дейді.

АЛТЫНБЕК, ҚУАНАЙҰЛЫ ТҰРҒЫН:

6 емханаға сұрақтарым бар: дәрігерлері дұрыс жұмыс істемейді. Медсестралардың науқастарға жанашырлығы өте нашар. Записьпен уақытында ешқашан кіре алмайсың, дәріні дұрыс ала алмайды. Рентгенолог айтады: өздеріңізбн кісі алып келіңдер дейді. Ал менің ешкімім жоқ мысалы. Мен мамаммен келдім, кімді әкелуім керек? Басқа ешкім жоқ.

Ал шенеуніктер жағдай бақылауда деп жұбатты. Былтырдан бері 200-дей ғимаратты тексеріп, 65-іне 20 млн тг айыппұл салыпты. Бірақ мәселе айыппұлмен шешілмей тұр. Өйткені көңілі қорланған кембағал жандар арыз түсіргенде ғана қимылдайды екен. Негізі өңірдегі 1300 мекеменің жартысы ғана талапқа сай.

БАУЫРЖАН ӘБІЛОВ, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ ЕҢБЕК ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ КОМИТЕТІНІҢ БҚОД БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Қолжетімділік қамтамасыз етілмеген жағдай дәлелденсе, әкімшілік айыппұл салынады. Лауазымды тұлғаға 50 АЕК, үкіметтік емес ұйымдарға 120АЕК, орта кәсіпкерлерге 200 АЕК, ірі кәсіпорындарға 400АЕК. Біздің департамент мониторинг жүргізе алмайды. Тек өтініш түскен жағдайда немесе өзіміздің профилактикалық бақылау жасағанда.

Ал аймақтың омбудсмені мүгедектердің көбі өзіне берілген жеңілдікті білмейтінін, білмеген соң пайдаланбайтынын айтады. Көрсетілер қызметке көңілі көншімегендер үшін мобильді қосымша да жасалыпты. Яғни, арыз-шағым түскесін, дереу шара қолданады.

ЖАНАТ НҰРМАҒАМБЕТОВА, ҚР АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӨНІНДЕГІ УӘКІЛДІҢ БҚО БОЙЫНША ӨКІЛІ:

Поликлиникалар дұрыс қарау керек. Егер олар өз пациенттерін жіберіп жатса, барып қарап тексеріп, мониторинг жасауы керек. Жеке емхана болса да, оларға барып айтуы керек. Пандус обязательно болуы керек! Әрбір мекеменің өзінің жауапкершілігі болуы керек.

Шенеуніктер шағым түскен емхананы тексереміз деп сендірді. Енді бұл мекеме баспалдақты мүгедектерге қолайлы қылудың қамын ойластырмаса, айыппұлдан құтылмасы анық.