$518.97 €607.3 ₽6.64
×

"Су, дұрыс пайдалана білсең – құт, ысырап етсең – жұт", - Президент

09.07.2025ж. 20:00
56
"Су, дұрыс пайдалана білсең – құт, ысырап етсең – жұт", - Президент

Су, дұрыс пайдалансаң –құт, ысырап етсең – жұт. Былтыр еліміздің бірнеше аймағы қарғын судан қатты зардап шекті. Күрделі кезеңде су шаруашылығы қызметкерлері қайсарлық пен кәсібиліктің озық үлгісін көрсетті. Сала мамандарын кәсіби мерекемен құттықтаған Мемлекет басшысы оларға ризашылығын білдірді. Бір топ азаматты мемлекеттік наградамен марапаттады.

Су – бүкіл тіршіліктің көзі. Барлық ел үшін аса маңызды стратегиялық ресурс. Біздің кең байтақ жеріміздің жартысынан көбі шөл және шөлейт аймақтар. Сол үшін тіршілік нәрі ұлттық қауіпсіздік мәселесі.  Су шаруашылығы қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтаған Мемлекет басшысы осылай деді. Сала әрдайым биліктің назарында екенін жеткізді. Бүгінде су шаруашылығында 30 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Олар қала мен ауылды, өндіріс пен егіс алқаптарын сумен қамтамасыз етуде.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

2023 жылы халыққа Жолдауымда мен суды тиімді пайдалану жайына ерекше тоқталдым. Елімізде Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Нақты міндеттер айқындалып, ауқымды реформалар қолға алынды. Жаңа Су кодексі қабылданды. Ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Су нысандарын салуға және қалпына келтіруге қомақты қаражат бөлінді. Шетелден инвестиция тартылуда.

Дегенмен салада мықты мамандар әлі де жетіспейді. Олқылықтың орнын толтыру үшін былтыр Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті құрылды. Осы мамандыққа бөлінетін грант саны екі есе артты. Бүгінде 500-ден астам студент бюджет қаржысына білім алып жатыр. Ол оқуын аяқтаған соң «дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында жұмыс істей алады.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

120 қызметкер Қытайда тәжірибе алмасып, қосымша білім алуда. Су шаруашылығы мамандарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға баса мән берілуде. Былтыр олардың жалақысы 25 пайызға өсті. Биыл да көбейеді. Бір сөзбен айтсақ, жүйелі жұмыс істеліп жатыр.

Бүгінде қала тұрғындары мен ауыл халқының көпшілігі тіршілік нәріне қол жеткізді. Үкіметтің алдында 500-ге жуық ауылға су беру міндеті тұр. Мемлекет басшысы әсіресе су тазалау мәселесін шешу қажет екеніне тоқталды. Тіршілік нәрін үнемдеп пайдалану қажет екенін де тілге тиек етті.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазір елімізде суды үнемдеу тарифі іске қосылды, яғни «аз пайдалансаң, аз төлейсің» деген қағида енгізілді. Сонымен қатар мемлекет су үнемдеу технологиясын қолданатын шаруаларға белсенді қолдау көрсетуде, атап айтқанда, жұмсаған қаржысының 80 пайызына дейін өтейтін болды. Бүгінде 470 мың гектар жерде осындай озық технология іске қосылды. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасады. Себебі, су үнемдеу – алдымызда тұрған аса маңызды стратегиялық міндет.

Әлемде 2040 жылға қарай суға  сұраныс 40 пайызға артуы мүмкін. Дәл осы себепті су дипломатиясын күшейту маңызды. Бүгінде Қазақстан Орталық Азия елдерінің су-энергетика концорциумын ұүру бастамасын дәйекті түрде дамытып келеді. Өңір елдерімен тығыз қарым-қатынастың нәтижесінде былтыр диқандарға қажетті тіршілік нәрі толық жеткізілді. Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазақстан су дағдарысын еңсеруді көздейтін көпжақты бастамаларға белсенді қатысады. Былтыр Сауд Арабиясында өткен арнаулы саммитте су проблематикасын шешудің негізгі тәсілдерімен бөлістім. Келесі жылы елімізде БҰҰ аясындағы Өңірлік экология саммитін өткізу жоспарланып отыр. Осы тектес қадамдар еліміздің су қауіпсіздігін нығайтуға септігін тигізеді.

Су экономикаға, экологияға, халықтың денсаулығына, жалпы барлық салаға ерекше ықпал етеді. Сондықтан тіршілік нәрінің таза әрі қолжетімді болуы өте маңызды. Елімізде Кіші Аралды құтқару үшін жылдар бойы ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Соның арқасында қашқан теңіз қайта оралып, айдыны суға толып жатыр. Каспий теңізін, Балқаш көлін сақтап қалу үшін кешенді шаралар қабылдануда. Мемлекет басшысы су саласының қызметкерлеріне ерекше ризашылығын білдірді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Су, дұрыс пайдалана білсең – құт, ысырап етсең – жұт. Былтыр Қазақстанның бірнеше аймағы қарғын судан қатты зардап шекті. Мұндай жойқын табиғи апат елімізде бұрын-соңды болмаған. Күрделі кезеңде сіздер қайсарлық пен кәсібиліктің озық үлгісін көрсеттіңіздер. Әр қызметкер күні-түні еңбек етіп, апат салдарын жоюға белсене атсалысты. Мен баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін.

Салтанатты іс-шарада Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның су шаруашылығын дамытуға елеулі үлес қосқан бір топ азаматты мемлекеттік наградамен марапаттады.