Алматыда жастарға арналған тегін қаржылық сауаттылық академиясы таныстырылды. Бұл жобаны жүзеге асыруды салық сарапшысы Дмитрий Казанцев қолға алған. Оқу бағдарламасы 9 ай бойы жүргізіледі. Міндетті түрде үй жұмысы және қорытынды емтихандар болады. Белгіленген тапсырмаларды 3 рет орындамаған студент оқудан шеттетіледі. Ал озат қатысушылар білім алуға немесе өз кәсібін ашуға грант ұтуға мүмкіндік алады. Оқу бағдарламасы қаржылық сауаттылық негіздері, бизнес, кәсіпкерлік, салық жүйесі және инвестиция шеңберінде өткізіледі. Онлайн дәрістің алғашқы легі 1 қыркүйекте басталады.
ДМИТРИЙ КАЗАНЦЕВ, САЛЫҚ САРАПШЫСЫ:
Бүгін қаржы академиясының таныстырылымын бастадық. Бұл – еліміздегі жаңа жоба. Яғни, 16-дан 23 жасқа дейінгі азаматтардың қаржылық сауаттылық бойынша білім алуына арнап жасалған. 1 жыл бойы дәріс алғандар арнайы емтихан тапсырып, оларға диплом табысталады. Қазақстанда бұл сала бойынша көбі оқи бермейді. Соның салдарынан несие алады, қарызға батады. Болашақты өзгертуді жастардан бастауымыз керек.