Шымкентте жастар арасында есірткіге қарсы 100-ден астам профилактикалық іс-шара өткізілді. Бұл туралы Шымкент қаласы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Құрманбек Сахов айтты.
Шымкент қаласы полиция департаменті “Заң мен Тәртіп” қағидаты аясында есірткі қылмыстарының жолын кесу және оның заңсыз айналымына тосқауыл қою мақсатында жүйелі жұмыс жүргізуде. Департамент қызметкерлерінің нәтижелі жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында есірткіге қатысты 286 құқық бұзушылық тіркелді. Оның 101-і қылмыс, 185-і қылмыстық теріс қылық ретінде тіркелген. Анықталған құқық бұзушылықтардың ішінде 61 — есірткі сату дерегі, 9 — аса ірі көлемде сақтау, 6 — заңсыз жарнама, 22 есірткі өсімдіктерін заңсыз өсіру фактісі болды. Заңсыз айналымнан барлығы 100 келіге жуық есірткі заты тәркіленді. Оның ішінде 60 келіден астамы – марихуана, 16 келіден астамы – синтетикалық есірткі. Синтетикалық есірткімен күресті күшейту мақсатында интернет кеңістігіне мониторинг жүргізілді. Нәтижесінде есірткі саудасына қатысы бар 1001 интернет-сайт пен әлеуметтік желі парақшалары бұғаттауға жолданды. Сонымен қатар қылмыстық әрекеттерде қолданылған 1380 банк шоты анықталып, бұғатталды. Жалпы сомасы 46 млн теңгеден астам қаражаттың заңсыз айналымына тосқауыл қойылды. Синтетикалық есірткіні интернет арқылы таратудың 33 дерегі тіркеліп, оның 17-сі бойынша қылмыстық істер сотқа жолданды. Аталған істер бойынша 38 адам ұсталып, жауапкершілікке тартылды. 1 маусым мен 30 қазан аралығында Шымкент қаласында "Қарасора – 2025" жедел алдын алу шарасы өтіп жатыр. Операцияның алғашқы айында 29 келіден астам есірткі тәркіленді. Оның ішінде 17 келісі – сора өсімдігі, 8 келіге жуығы – синтетикалық есірткі, 5 келіден астамы – марихуана. Қала аумағында жастар арасындағы нашақорлықтың алдын алу бағытында да кешенді жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, оқу орындары мен жастар көп шоғырланатын орындарда 106 профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды. Бұл шараларға 23 мыңнан астам оқушы мен студент қамтылды.