Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Алматы маңында мақта егіп, тропикалық жемістер өсіретін қария тұрады

AstanaTV
24.07.2017ж. 20:00
6830
Алматы маңында мақта егіп, тропикалық жемістер өсіретін қария тұрады

Алматы облысында тропикалық жемістер егумен айналысып жүрген қария енді мақта да егуге болатынын дәлелдемек. Әдетте ыстық жақта өсетін ақ ұлпаны Нұраддин Мәткәрім Есік қаласының қасындағы бірнеше гектар жерге еккен. Ал інжір, құрма, анар және жүзімнің түрлі сорттарын егіп, одан өнім ала бастаған. Ол енді кәсібін балаларына үйретіп, мұсылман елдерінде сұранысқа ие жемістерді ішкі нарыққа шығаруды жоспарлап отыр. Бағбандықты кәсіп еткен отбасының шаруашылығымен Ришат Асқарбекұлы танысып қайтқан еді.

Нұриддин ақсақал 70 жастан асқан. Баласы екеуі аумағы 5 гектар жерді толықтай игеру үшін жыл он екі ай еңбек етеді. Жазда ғана емес, қыс мезгілінде де жылыжай құрып, қызанақ, қияр сияқты көкөніс түрлерін өсіруді тоқтатпайды. Бағбанның шаруашылығындағы ерекшелік - тропикалық жемістерді өсіруінде. Інжір, құрма және анар жемістерін жерсіндірген.

Нұраддин Мәткәрім, бағбан:

Алматының жері субтропикалық климат. Ғалымдармен келісе бермеймін. Орталық Азияда Алматы жері Кавказ сияқты ұқсас. Бұл жерде күннің түсуі аз болғанымен, жерді қыздырады, шаң жоқ. Күн тік түседі. Инжир, құрма, анар да жерге үйреніп, өсіп жатыр.

Зейнеткер биыл 1,5 гектар жерге қияр мен қызанақ, 1 гектар жерге қауын-қарбыз егіп, одан мол өнім алудан үміттеніп отыр. Бағбан одан артылған жерге мақтаның жаңа сұрпын отырғызып, Өзбекстаннан мамандар шақыртыпты. Қазір мақтаның сабағы жарты метрден асып, гүл жарған. Әдетте Оңтүстік Қазақстан аймағында өсірілетін өсімдік қыркүйек айында өнім бере бастайды, дейді бағбандар.

Вахитжан Оқинжанов, бағбан:

Қазақстанда осындай мақта егуге болады дегенде, әсіресе, осы Алматы маңына өседі дегенде, сенбеген едім. Өз көзіммен көріп отырмын. Өсетіні рас екен. Міне көріп тұрсыздар, оның күтімі жақсы болса, алдағы айда биіктігі 1 метрден асады. Бір түптен 20-25 хауыз ашылады.

Эксперимент жасаудың шебері осыдан 30 жыл бұрын Қарақалпақстаннан қоныс аударған. Нұраддин ақсақалдың ата-бабасы Өзбекстанда бау-бақшаны кәсіп еткен. Арғы атасы сондағы билеушілердің бірінің сарайында жеке бағбан болыпты. Үнемі  еңбек етіп,  қимыл-қозғалыста жүретін қария балалары мен немерелерін де бау-бақшаны күтіп баптауға баулып жүр. Енді бағбан шаруашылығын кеңейтіп, өнімдерін нарыққа шығару үшін шенеуніктерден қолдау болса, алматылықтарға жергілікті тропикалық жемістің дәмін татқызбақшы.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ