×

Жыл басынан бері кәмелетке толмаған 1094 бала қылмыс жасады

Жыл басынан бері кәмелетке толмаған 1094 бала қылмыс жасады

Балалар қатігез боп барады. Былтыр 2 мыңға жуық жасөспірім қылмыс жасаған. Ал биылғы жылдың алғашқы алты айында-ақ құқық бұзғандардың саны мыңнан асып кетті. Тәлім алудың орынына темір торға қамалғандар, шамамен, 14 пен 18 жас арасында. Олар неге түрмеге түсті? Тағдыры ерте тәлкекке салған жеткіншектер туралы Аружан Задабек сюжет әзірледі.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Елімізде 7 млннан аса бала бар. Оның 4 млн жуығы - мектепке оқиды, 1 млн аса бүлдіршін балабақшаға барады. Тағы 556 мыңы колледжде білім алып жүр. Бал күнін бәрі осылай өткізіп жүрген жоқ. Балалық шағын түрмеге алмастырып, темір тордың әр жағында отырған жас көп. Бірі есірткімен ұсталса, енді бірі ұрлық жасаған. Қолын қанға малығаны да бар.

Соңғы жылдары кәмелетке толмағандар арасында қылмыс көбейді. 2022 жылы 1581 бала қылмыс жасаған. 2023 жылы бұл көрсеткіш 1823-ке жетті. Былтырғы сан – 1950. Ал биылғы жылдың алғашқы алты айынша 1094 жеткіншек құқық бұзған.

Тұрғындар балалардың қатігез болуына бірінші телефон, екінші ата-ананың уақыт бөлмеуі әсер етеді дейді.

БЛИЦ:

- Шетелдің мультфильмдері өте қатігез ғой. Соларды қарап балаларға үлгі болады.

- Әке-шешелерінің бәрі жұмыста болады. Қараусыз қалған балалар үйде телефоннан не көреді, соны істейді.

- Оқу бағдарламасы дұрыс емес деп ойлаймын.

- Қиыншылыққа шыдай алмайды, төзімсіздеу. Сол шығар. Одан кейін отбасылық жағдай, өмір сүру қиын, жетіспеушіліктер болуы мүмкін.

Балалар арасынада қылмыс үлкен қалаларда жиі орын алады. Мәселен, өткен жылы Астана, Алматы және Шымкентте жасөспірімдердің қылмысы артқан. Ал ең аз құқықбұзушылық Ұлытау, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облысында тіркелді.

Ең жиі кездесетіні – ұрлық, тонау, бұзақылық. Кейде кісі өлтіру, зорлау сияқты ауыр қылмыстар да орын алады.

Балалардың мұндай жағдайға бейім болуы әртүрлі факторға байланысты дейді психолог.

АНАРГҮЛ ИБРАЙЫМБЕКОВА, ПСИХОЛОГ:

Адамның өміріндегі киындықтар. Мүмкін жақын адамының өлімі болуы мүмкін. Не болмаса жақын адамнан айырылу, ажырасу, жалғыз сезіну. Материалдық жағдай қиын болуы мүмкін. Қарыз секілді себептер әсер етуі мүмкін.

Елде қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталады. Алайда бәрі емес. Тек ауыр қылмыс жасаған жағдайда ғана түрмеге отырғызады. Ал 16 жасқа толғандар қылмыстық жауапкершілікті толық көлемде мойнына алады.

НҰРЛАН ЖАНАБАЕВ, ЗАҢГЕР:

15-бапта толық көрстілген. Оның ішінде адам өлтіру, ауыр дене жарақатын келтіру, зорлау және қарақшылық, ұрлық, тонау сияқты тағы да басқа қылмыстар көрсетілген.

Қазір Қазақстанда кәмелетке толмағандарға арналған тек бір ғана мекеме бар. Алматыда орналасқан №11 түзеу мекемесінде 14 пен 18 жас аралығындағы шамамен 70 сотталған жасөспірім жазасын өтеп жатыр.Онда балалар түрмедегі тәртіпке сай өмір сүреді. 6-да тұрады, ересектер секілді жұмыс істейді. Оқу мүмкіндігі де қарастырылған.