$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Елде 5 мыңнан астам ветеринариялық маман жұмыс істейді

10.07.2025ж. 20:00
171
Елде 5 мыңнан астам ветеринариялық маман жұмыс істейді

Елде 5 мыңнан астам ветеринариялық маман жұмыс істейді. Бүгін жануарларды емдеумен қатар, адамдардың да қауіпсіздігіне үлес қосып жүрген мамандардың кәсіби мерекесі. Олардың еңбегі ауыл шаруашылығынан бастап, азық-түлік қауіпсіздігіне дейінгі кең ауқымды қамтиды. Осы саланың қыр-сыры мен жауапкершілігі жайлы әріптесім толығырақ айтады.

Адамдардың тыныш өмірі, үстел үстіндегі таза тамақ пен дені сау жануар - осының барлығы көпшілік байқамайтын, бірақ бүтін бір саланың иығына артылған жауапкершілік. Ветеринария мамандары қоғамның көпке көрінбейтін қорғаны. Олар тек екпе салып, ауру малды емдеп қана қоймайды. Олар індеттің алдын алып, азық-түліктің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Мемлекеттің биологиялық қорғанысын сақтайды.

ЖЕҢІС ИТЕМГЕНОВ, ВЕТЕРИНАРИЯЛЫҚ ПУНКТ МЕҢГЕРУШІСІ:

Біздің саланың қызығы мен шыжығы өте мол. Біз жан-жануарларды ғана емдеп қоймай, адамзаттың да денсаулығына жауап береміз. Қазіргі таңда біздің салаға жастар өте аз тартылуда. Бірақ бізде жағдай жасалып жатыр, алдағы таңда да жағдай жасалады деп ойлаймыз. Сондықтан жастарды жауапкершілік алып, біздің салаға жұмыс істеуге шақырамын.

Бұл салада тек мал дәрігері емес, эпизоотологтар, зертхана мамандары, биоқауіпсіздік саласының қызметкерлері де жұмыс істейді. Бүгінде Қазақстанда ветеринарлық қызметті реформалау жүріп жатыр. Мамандардың мәртебесін арттыру, зертханалық инфрақұрылымды жаңғыртып, толық цифрландыру үшін былтыр салаға 47 млрд теңге бөлінген. Білікті мамандардың арқасында жыл сайын зооноздық аурулардың жартысына  жуығы алдын ала анықталып отыр.

ЮЛИЯ СОБОЛЕВА, МАЛ ДӘРІГЕРІ:

Бүгінде біз тек екпе егіп қана қоймаймыз. Малдың ауруын алдын ала анықтап, тіркеу, есеп жүргізу, иесіне ақпарат беру – бәрі біз арқылы өтеді. Қазір ветеринариялық қызметті цифрландыру, зертханаларды жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр ғой. Бірақ кадр тапшылығы сезіледі.

АҚНҰР ЖИРЕНТАЕВА, ФИТОПАТОЛОГ:

Біз карантиндік объектілердің Республика аумағына кірмеу мақсатында жұмыстар жүргіземіз. Біздің негізгі мақсатымыз- Республика аумағында кездеспейтін зиянкестер, ауру қоздырғыштары және арам шөптердің түрлік құрамын өтіп кетпеу мақсатында күнделікті зерттеу жұмыстарын жүргіземіз. Біздің негізгі мақсатымыз - Қазақстан Республикасының аумағына бөтен текті заттарды кіргізбей қадағалау болып табылады.

АҚБОТА БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:

Қазір ветеринария саласы - жай ғана жануар емдейтін сала емес. Бұл - елдің азық-түлік қауіпсіздігі, індетке қарсы күрес, халықаралық саудадағы маңызды тетік. Сондықтан, бүгінгі мереке - ел үшін күн сайын тынымсыз еңбек ететін мамандарға алғыс білдіретін күн.