×

«Қоғамдық эко-бақылау» республикалық акциясына 3000-нан астам қоғамдық кеңес мүшелері қатысты

AstanaTV
12.07.2025ж. 19:42
109
«Қоғамдық эко-бақылау» республикалық акциясына 3000-нан астам қоғамдық кеңес мүшелері қатысты

Жаздың басталысымен және табиғи-туристік аймақтарға келушілердің көбеюіне байланысты еліміздің экологиялық жүйесіне түсетін салмақ едәуір артты. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалықты қамтамасыз ету бойынша жүйелі шаралар қабылданғанымен, халық арасында экологиялық мәдениеттің төмендігі әлі өзекті мәселелердің бірі саналады.

Табиғат аясында демалатын азаматтардың қатарында орнын ластап, қоқыс жинамай кететіндер аз емес. Мұндай бейқамдық – қоршаған ортаға, экожүйеге және табиғатқа зиянын келтіреді. Қоғамдық орында жауапкершіліктің аздығы қоршаған ортаның ластануына тікелей әсер етеді.

Бүгін Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестің мүшелері Ақмола облысы, Қосшы қаласындағы туристік аймақтарға мониторинг жүргізді. Тексеру барысында «Tau park» аумағы мен Сарқырама өзенінің жағалауы қамтылды. Инспекция нәтижесінде тазалық нормаларының сақталмауы және қоршаған ортаның ластануы бойынша көптеген фактілер анықталды.

Экологиялық ахуалға назар аудару мақсатында биыл 5 маусым мен 5 шілде аралығында Қоғамдық кеңестердің бастамасымен «Қоғамдық эко-бақылау» республикалық акциясы ұйымдастырылды. Іс-шараға еліміздің барлық өңірінен 3000-нан астам қоғамдық кеңес мүшелері қатысты. Мониторинг аясында туристік бағыттар, табиғи рекреациялық аймақтар мен рұқсатсыз қоқыс тасталатын жерлер қамтылды.

Мониторинг нәтижесінде қоршаған ортаны және мәдени мұра нысандарын сақтау мақсатында 60-тан астам нақты ұсыныс әзірленді.