Жергілікті тұрғындардың сөзіне қарағанда, оқиға 13 шілде күні Тасқала ауданы Ақтау және Атамекен ауылдық округтері арасында таңғы мезгілде болған, деп хабарлайды Astana TV.
Бейнежазбада киік сойылғаннан кейін ішек-қарны далада жатқаны, мұның қоршаған ортаны ластайтыны туралы айтылады.
«Охотзоопром» ӨБ» РМҚК өңірлік филиалының директоры Арман Қожахметов киік ауланғаннан кейін ішек-қарны сол бойда жиналатынын жеткізді.
БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Нұрлан Рахымжановтың нақтылауынша, бұл ішек-қарындар түнгі аулаудан кейін таңда бір сағаттың ішінде жиналған.
– Сол уақыт арасында жергілікті малшы түсіріп үлгерген. Батыс Қазақстан облысында киік санын реттеу жұмысы басталғаннан бері 830 бас ақбөкен ауланды, - деді Н.Рахымжанов.
Тасқала ауданы Ақтау ауылдық округінің әкімі Бауыржан Имашев кеше «Охотзоопром» ӨБ» инспекторларымен бірге аралағанын, ішек-қарынның далада жатқанын көрмегенін айтты.
– Бүгін тарап жатқан бейнежазба бойынша «Охотзоопром» мекемесімен бірге жұмыстанатын боламыз, - деді Б.Имашев.
«Охотзоопром» мекемесінің қызметкерлері аталған аумақтың киіктің ішек-қарнынан толықтай тазартылғанын хабарлады.