Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

ЭКСПО көрмесі аясында аламан бәйгеден Президент жүлдесі сарапқа салынды

AstanaTV
21.07.2017ж. 20:00
3339
ЭКСПО көрмесі аясында аламан бәйгеден Президент жүлдесі сарапқа салынды

Астанада ЭКСПО көрмесі аясында аламан бәйгеден Президент жүлдесі сарапқа салынды. Бұл шара Атырау облысының Астанадағы мәдени күндері аясында өтті. Ерекше сайысқа Қазақстанның 14 облысынан және Астана мен Алматы қалаларынан қатысушылар келген.

Сайыс басталарда жиналғандар арнайы қойылымдарды тамашалады. Мұнан өзге ұлттық спорт түрлерінен де үзінділер көрсетілді. Жамбы ату, қыз қуу сынды ойындар мен түрлі жекпе-жектер аса тартысты өткендіктен, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Жарысқа жалпы сомасы 52 миллион теңге жүлде тігілген. Аламан бәйге, жорға жарыс пен құнан жарыстан 1-ші орыннан бастап 5-ші орынға дейін иеленгендер түгел қомақты сыйлықты қанжығаға байлады. 21-шақырымға шапқан бәйгенің бас жүлдесін Алматы облысынан Жұмаш Дияс еншіледі. Төрт аяғын тең басқан жорға жарыста қарағандылық Айхан Төлегеновтің тұлпары мәреге бірінші болып жетті. Ал құнан жарыста Жамбыл облысынан келген Ділмұхаммед Жалауша бәйгенің алдын бермеді. Мерекенің ұйымдастырушылары - Мәдениет және спорт министрлігі, Ұлттық спорт ассоциациясы және Атырау облысының әкімдігі.

Нұрлан Ноғаев, Атырау облысының әкімі:

Осы шараларды жаңа деңгейге шығару үшін. 50 жылда ел жаңа дейді, жаңа сипаттар мен мүмкіндіктерді пайдалана отырып, ескі мен жаңаны біріктіріп, ұлттың өсуіне, тәрбие алуына, ішкі діңгегінің мықты болуына ат салысып жатырмыз.

Жарыс алдында Атырау облысының делегациясы ат спортынан ұлттық құрама мүшелері мен өзге де азаматтар салтанатты шеруде жүріп өтті. Олардың қатарында бүркітшілер, құмай тазы баптаған аңшылар және қазақша күрес пен тоғыз құмалақтан чемпиондар бар. Кештің ең үздік көрсетілімінің бірі ретінде «Номад» каскадерлар клубының қойылымын айтуға болады. Онда қыз қуу мен садақ ату секілді қазақтың ұлттық сайыс түрлері көрсетілді.