Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында Мемлекет басшысының 2029 жылға қарай экономиканы әртараптандыру арқылы $450 млрд-қа дейін қол жеткізуге қатысты берген тапсырмасы аясында журналистердің қойған сұрақтарына жауап берді.
«Тапсырма барынша биік, бірақ қол жеткізуге болады. Өткен жылы Қазақстанда ЖІӨ көлемі $286 млрд-ты құрады. Биыл экономикалық өсу көрсеткіштерін ескеріп, $300 млрд-қа жеткізуді көздеп отырмыз. Алдағы жылдары қарқынды экономикалық өсуді қамтамасыз ету арқылы $450 млрд-қа қол жеткізе аламыз. Ол үшін еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін дамыту, экономиканы әртараптандыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде. «Бәйтерек» холдингі желісі бойынша көлемді бағдарлама іске қосылды, ол экономикаға қосымша 8 трлн теңге инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Жоспарда – 1,5 трлн теңгеге 190 өнеркәсіптік жобаны іске қосу. Егер біз осы бағытта жұмыс істейтін болсақ, онда алға қойған мақсаттарға жете аламыз», — деп атап өтті Олжас Бектенов.