Путин барлық АҚШ Президенттерін алдады. Бірақ, маған ғана айласы өтпеді. Украина бойынша үлкен брифингінде Трамп осылай деді. Алайда, АҚШ Президенті ресейлік әріптесінің мықтылығын да мойындау керек, - дейді. Десе де, мықты қарсылас болғанымен, бір ғана жеңімпаз болатынын және ол өзі екендігін ескертті. Бірақ, Трамп ешқандай шиеленіссіз, Путинмен арадағы жағдайды көзбе-көз тілдесіп, шешу ойынан әлі де айнымағанын да айтты.
ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
Кезіндегі Джордж Буш, Обама және байденді де алдады. Бірақ, мен олар секілді топас емеспін. Путиннің бар айлакерлігі осы болса, мені алдай алмайды. Бүгін де телефон арқылы сөйлестік. Мен оған тек жылы лебізімді білдіремін. Оның да басқа амалы жоқ. Алайда, саяси теке-тіресте жеңімпаз болмайды. Себебі, онда адам шығыны көп. Сондықтан, мен бейбіт жолмен соғысты тоқтатудан ешқашан бас тартпаймын.
Бірақ, Трамп, саяси да, әскери де қысым жасауды бастап кетті. Осыған дейінгі, әуе қорғанысы кешендерін берумен шектеліп қалмай, Ресейге экономикалық қысым жасамақ. Атап айтсақ, 50 пайыздық тариф енгізілді. АҚШ Президенті осылайша, соғысты тоқтатуға 50 күн беріп отыр. Әйтпесе, тариф 100 пайызға көтерілмек.
ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
Мен Путинге 50 күн беремін. Қазірдің өзінде тариф енгізіп отырмыз. Сонымен қатар, Украинаға тек қорғаныс қана емес, шабуылға арналған техника да беремін. 50 күн ішінде соғысты тоқтатуға ишара білдірмесе, қару мен техника және санкция еселенеді.
Зеленский болса, Трампқа қалай алғыс айтарын білмей жатыр. Өз қуанышына әлі де сене алмаса керек, АҚШ Президентіне қоңырау шалған. Оған қоса, Трамптың Украина бойынша арнайы өкілі Кит Келлогты да қабылдап, қарымта шабуыл бойынша жоспары бар екендігін ашық айтты.
ВЛАДИМИР ЗЕЛЕНСКИЙ, УКРАИНА ПРЕЗИДЕНТІ:
Менің сенбегенім рас. Бірден Президент Трампқа қоңырау шалдым. Ресейге нағыз саяси-экономикалық қысым енді басталды деп білемін. Оған қоса, біз бірнеше ресейдің ірі қалалары мен стратегиялық нысандарына ауыр соққы жасауға әзірленіп жатырмыз. Біздің ресурсымыз аз болса да, Ресейдің кез-келген нүктесіне шабуылдай алатынымызды көрсеттік. Егер, одақтастарымыз уәделескен көмекті берсе, оңдырмаймыз.
Бейресми ақпарат бойынша, Трамп НАТО бойынша одақтастарымен ақылдасып, 2 мың шақырымды оңай еңсеретін зымырандарды Украинаға бермек.