«Жоламан-солтүстік» әуеайлағында ҚР Қарулы күштері Арнайы операциялар күштері қолбасшысының кубогына арналған парашют спортынан алғашқы ашық чемпионат өтіп жатыр.
18 команда құрамында 50-ден аса парашютші қанат типті арнайы мақсаттағы парашют жүйелерімен "қону дәлдігі" пәні бойынша сынға түсіп жатыр. Олардың ішінде Арнайы операциялар күштерінің, Құрлық әскерлерінің, Әуе қорғанысы күштерінің, Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери қызметшілері, сондай-ақ Астана, Қарағанды және Павлодар қалаларының парашюттік және авиациялық спорт түрлері федерацияларының спортшылары бар.
– Жарыстар өз өмірін әскери қызметпен және көк аспанмен байланыстырғандардың басын қосты. Парашютпен секіру барынша дәлдікті, батылдықты, тәртіпті және мінсіз жаттығуды қажет етеді. Жарыс тек шеберліктің сынағы ғана емес, тәжірибе алмасу, достық пен өзара сыйластықты нығайту алаңына айналатынына сенімдімін, – деп атап өтті Арнайы операциялар күштері қолбасшысының орынбасары подполковник Саят Исанов.
Ми-17 тікұшағынан 1200 метр биіктіктен секіру жаттығулары орындалады. Нәтижелер жеке және топтық есеп негізінде бағаланады.
Қатысушылардың басты міндеті спортшылардан кәсібиліктің, машықтың және тактикалық үйлесімділіктің жоғары деңгейін талап ететін шектеулі алаңға барынша дәл қонуды көрсету болып табылады.