Елімізде инвестицияға қызығушылық танытатындар саны артып келеді. Қазақстан Қор биржасының бірінші жартыжылдықтағы талдауына сәйкес, фонд нарығындағы келісімшарттар биыл 56, ал сауда көлемі 59 пайызға дейін көбейді. Қаңтар мен маусым айының аралығында жалпы сауда-саттық 176, 1 триллион теңге болды. Жыл басынан бері Қор биржасының ресми тізіміне 119 жаңа қаржы құралы мен 11 эмитент қосылған. Яғни, бұл отандық қор нарығының көрсеткіші айтарлықтай нәтижеге жеткенін көрсетеді. Одан бөлек, басқарма төрағасы Әділ Мұхамеджанов қор биржасының Ұлттық банкпен бірге цифрлық құралдарға қатысты заң жобасының әзірленіп жатқанын атап өтті.
ӘДІЛ МҰХАМЕДЖАНОВ, KASE БАСҚАРМАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Қазір Ұлттық банк нарық қатысушыларымен бірге цифрлық-қаржы активтері жайлы заңды қарастыру үстінде. Цифрлық құралдар алаңында Қазақстан қор биржасының өз орны бар деп санаймын. Орталық депозитариймен бірге ішкі архитектурамызды реттеп, жаңа нарыққа кіру үшін дайындалып жатырмыз.