500 граммдық шақалақтарды аман алып қалу көрсеткіші 80 пайызға артты. Бұл 25 жыл ішінде ел медицинасының халықаралық стандартқа қол жеткізіп, әлем медицинасымен теңескенін көрсетеді. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінің депутаты Гүлжана Қарағұсова Алматыдағы №4 емхананың еңбек ұжымымен кездесуінде айтты. Депутаттың сөзінше, отандық медицинадағы ауыз толтырып айтар жетістіктер әсіресе, перинатология және балалар кардиохирургиясында басым. Осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстанда балаларға ота жасау қиынның қиыны болатын. Тіпті жасалмайтын да еді. Ал, қазіргі уақытта бұл мәселенің ауылы алыстады. Соңғы жылдары Астана мен Алматыда қос кардиохирургиялық орталық бой көтерді. Ал 500 граммдық шақалақтарды "адам" қылу ел дамуындағы үлкен жетістік дейді, - депутат.
Гүлжана Қарағұсова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:
Әлемдік стандартқа қол жеткіздік. 500,700 грамм болып туылған сәбилерді аман алып қалып, өмірге бейімдеу 80 пайызға артты. Мен кеше ғана егіз баланы көрдім. Қазіргі салмақтары 1 келі 300 грамм. Аналары қасында. Күннен күнге салмақ жинап, азамат болып келеді. Қазір алдымызда тұрған басты мақсат - Елбасының алдымызға қойған міндеттеріне қол жеткізу. 50 дамыған елдің қатарында болу үшін алдымен халықтың әл-ауқатын жақсарту қажет. Ол - ең алдымен ұлт саулығы.