$526.5 €611.64 ₽6.72
×

Биыл машина жасау саласы 11,1% өсті

AstanaTV
17.07.2025ж. 11:05
129
Биыл машина жасау саласы 11,1% өсті
Фото: Үкімет

16 шілдеде вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі штаб отырысы сектордың қарқынын одан әрі жеделдетудің және қосымша әлеуетін ашудың мүмкіндігін егжей-тегжейлі талқылауға арналды, деп хабарлайды Astana TV.

Машина жасау өңдеуші өнеркәсіптің негізгі секторының бірі ретінде оның жалпы көлемінің 19%-ын қамтамасыз етеді. Өсудің негізгі драйверлері: автомобиль (+12,1%), теміржол және басқа да көлік құралдары (+7,1%), ауыл шаруашылығы техникасы (+1,3%), электротехника (+21,5%), компьютер, электрондық және оптикалық жабдық (өсім 1,7 есе) өндірісі, сондай-ақ машина және жабдық жөндеу мен орнату (+12%).

Автомобиль жасау машина жасау көлемінің шамамен 41%-ын береді. Бүгінде елімізде JAC, Chevrolet, KIA, Lada, Jetour, Hongqi, Skoda, Hyundai және Genesis брендтерін шығаратын екі автозауыт жұмыс істейді. Биыл Қазақстанда тағы екі жаңа кәсіпорын — Алматыдағы мультибренд зауыты мен Қостанайдағы KIA зауыты іске қосылады. Алматыда CHANGAN, Haval және CHERY сияқты брендтердің автомобильдерін шығару жоспарлануда.

«Жаңа қуаттарды пайдалануға берудің арқасында елімізде шағын тораптық технология бойынша жиналатын автомобиль өндірісінің көлемі едәуір артады. Бұл модельдер қатарын көбейтуге және отандық автоөнеркәсіптің позициясын нығайтуға мүмкіндік береді», - деді өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков.

2025 жылы Қазақстанда 147 824 автомобиль шығару жоспарлануда. Алайда, вице-министр атап өткендей, салада бұл көрсеткіштен асып түсудің барлық алғышарты бар. Оның айтуынша, отандық тауар өндірушілерге сертификат беруге байланысты процесті оңтайландыру кезінде қосымша өсу мүмкіндігі жоғары.

Вице-премьер Серік Жұманғарин сауда және интеграция министрлігіне қажетті рұқсат құжаттамасын жедел беру үшін шара қабылдауды тапсырды. Бұл жаңа модельдердің сериялық өндірісін уақтылы іске қосуға және қуаттардың жүктемесінің артуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.